KZ
Өскемен
-27°
переменная облачность жел 1 м/с, С
510.43 594.86 6.49

Жыл қорытындысы: Шығыс Қазақстан – туризмнің жаңа тынысы

31.12.2025, 17:00 119

2025 жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін туризм саласындағы серпінді дамуымен есте қалды. Табиғаттың тылсым сұлулығы мен бай тарихи-мәдени мұрасы тоғысқан өңір жыл бойы саяхатшылардың назарын өзіне аударып, туристік әлеуетінің зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жыл қорытындысы бойынша облысқа келген туристер саны 365,5 мың адамға жетіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артты. Оның ішінде 351 мың адам ішкі туризм аясында өңірге сапар шексе, 14,5 мың шетелдік қонақ Шығыстың көрікті мекендерін тамашалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өңірде туризм инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін берді. Бүгінде Шығыс Қазақстанда туристерді қабылдауға арналған 405 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Қонақ үйлер мен демалыс аймақтарының жалпы сыйымдылығы 21 692 орынға дейін ұлғайып, саяхатшыларға жайлы жағдай жасауға мүмкіндік туды. Бұл деректер өңірдің экологиялық, мәдени және этнотуристік бағыттар бойынша сұранысқа ие екенін айқын көрсетеді.

Туристерді тартқан тағылымды жобалар

2025 жылы Шығыс Қазақстанда ұйымдастырылған ауқымды мәдени-туристік іс-шаралар өңірге туристер ағынын еселей түсті. Солардың ішінде Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі айрықша орын алады. Түркі жұртының тамыры терең тарихын, ортақ рухани құндылықтарын дәріптеген бұл тағылымды шараға 11 елден 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Фестиваль аясында ұлттық өнер, дәстүрлі музыка мен көне салт-дәстүрлер кеңінен насихатталып, Алтай өңірінің тарихи-мәдени мұрасы халықаралық деңгейде таныстырылды.

Этнотуризмнің дамуына серпін берген тағы бір маңызды шара – Бозанбай ауылында өткен «Шығыс Салбурыны – 2025» халықаралық фестивалі болды. Қыран бүркіттің айбынын, саятшылық өнердің қыр-сырын паш еткен бұл мерекеге 100-ден астам бүркітші қатысып, қазақ халқының көне аңшылық дәстүрін көпшілікке көрсетті. Он мыңнан астам көрермен тамашалаған фестиваль ұлттық болмысты жаңғыртып, туристердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Ал Риддер қаласында өткен «Аяз Ата – Ақшақар 2025» фестивалі қысқы туризмнің дамуына тың серпін берді. Ақ ұлпа қар жамылған тау бөктерінде өткен бұл мерекелік шараға Шығыс Қазақстанмен қатар Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан 130-дан астам қатысушы жиналды. Фестиваль ішкі және маусымдық туризмді дамытуға оң ықпал етіп, өңірдің қысқы демалыс бағыттары үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Аталған іс-шаралар – Шығыс Қазақстанда жүзеге асырылған ірі жобалардың бір бөлігі ғана. Жыл бойы туризм саласын дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар үздіксіз жүргізіліп, өңірдің туристік бренді қалыптаса түсті. Табиғат пен мәдениетті ұштастырған Шығыс Қазақстан алдағы жылдары да отандық әрі шетелдік саяхатшылар үшін тартымды бағыт болып қала беретіні сөзсіз.



Жайна Сыранова 

Фото: Мәди Ахметов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу