KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ӨСКЕМЕНДІК МЕЙРАМХАНА ЕЛДЕГІ ЕҢ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Мейрамхана әкімшісі ұсынды
Мейрамхана әкімшісі ұсынды
3.11.2024, 22:00 612 Назерке Каримова

Өскемендегі «Две Реки» мейрамханасы Қазақстандағы үздік 50 мейрамханалар тізіміне енді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Соңғы жылдары елімізде гастрономиялық бағытқа ерекше ден қойылып, бәсекеге қабілетті туристік және қонақжайлық нысандары пайда болуда. Олардың арасында қызметін жаңартып-жаңғыртқан көпжылғы мейрамханалар да, жаңадан қатарға қосылып жатқан нысандар да баршылық.

Ел шығысындағы халықаралық деңгейге ұмтылып, биік асханалық ұсыныстар үлгісін көрсетіп, аспаздық өнерді айрықша асқақтатып келе жатқан мейрамханалардың бірегейі – «Две Реки». Бүгінгі күні «Две реки» WHERETOEAT KAZAKHSTAN 2024 премиясының ең үздік 50 нысан іріктеліп алынған шорт-парағына ілігіп отыр. Ашылғанына небары 5 жыл болған Өскемен қаласындағы аталмыш мейрамхана аз уақытта қала тұрғындарының ғана емес, алыс-жақын шет елден келетін қонақтардың да сүйікті орнына айналғаны рас.

- Мен үшін және біздің команда үшін бұл жай ғана марапат емес, бұл біздің қызметіміздің маңыздылығының айғағы. Бұл жерде әр қонағымыз өзін үйде отырғандай жайлы сезініп, мәңгілік есте қалатындай тамаша дәмнен ләззат алуына әрдайым жағдай жасауға тырысамыз, - деген мейрамхана иесі Бақытжан Кудушева өз қуанышымен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.


WhereToEat мейрамхана премиясы – әлемге әйгілі Where Magazines International медиагенттігінің жобасы, ол Ресей мен Қазақстанның үздік мейрамханаларының жыл сайынғы рейтингі жарияланатын бәйге-парақ. Жеңімпаздардың қорытынды тізімдері сарапшылардың, яғни мейрамхана, қонақүй және шарап бизнесінің майталман мамандарының жасырын дауыс беру нәтижелері бойынша қалыптастырылады. Биылғы бәйгеде еліміздің астанасы мен бас қаласының ғана мейрамханалары іліккен шорт-параққа өзге өңірлерден жалғыз Өскемен қаласының «Две реки» мейрамханасы оза шауып отыр. 

Айта кетейік, «Две Реки» мейрамханасы Өскемен қаласының ең көрікті жерлерінің бірі - қос өзен «Ертіс» пен «Үлбінің» түйіскен тұсында орналасқан. Осы локация мейрамхананың атауын таңдауға да негіз болды. «European fusion» стиліндегі авторлық тағамдар мен заманауи технологиялардың үйлесімі жаңа гастрономиялық тәжірибе көрсетуге мүмкіндік беріп келеді. Мейрамхананың стильді дизайны, панорамалық терезелері көз тартады және жазғы террасасынан өзен жағасының керемет көрінісін тамашалауға болады. Осылайша бұл мейрамхананы қалаға көрік беріп тұрған әрі туристерді гастрономиялық ұсыныстарымен ерекше тартатын нысандардың бірі деп атауға толық негіз бар.

Мейрамхана ашылғаннан бері қызмет етіп келе жатқан әкімші маман Рагим Керимовтың айтуынша, «Две реки» жылына әр маусымда гастрономиялық кешкі ас ұйымдастыруымен өңірдің салалық дамуына үлес қосып келеді. Аталмыш гастрономиялық кешкі астар шет елден шақырылған атақты шеф-аспаздардың жетекшілігімен өтеді. Бұл Өскеменнен шықпай-ақ, әлемдік деңгейдегі тіл үйірер дәмдерге қол жеткізудің бір мүмкіндігі. Рагимнің айтуынша бұл гастрономиялық кештерге кез келген адам қатыса алады. Тек 60-тан астам адам үлкен залына сыятын мейрамханаға алдын ала тіркелу керектігі түсінікті.

О баста шарапты ас мәзірімен үйлестіру мәдениетін шығыстың орталығына алғашқылардың бірі болып енгізген осы «Две реки» ұжымы дейді сала мамандары. Бүгінгі таңда 50 адам қызмет көрсететін мейрамхана Франция, Испания, Түркия, Дубай, Ресей елдерінен қонақтар қабылдап үлгерген. Үнемі оқу-үйрену, білім жетілдірумен айналысатын мейрамхана мамандарының бастамаларын басшылық қолдап отыратыны айтылды. Алғашқы гастрокештер эксперименталды түрде өтетін, қазіргі таңда бұл қонақтар таласа жазылатын дәстүрлі іс-шараға айналып отыр.

Туризмді дамытуда жазда жағажай демалысы, табиғат аралау, қорықтарды көру десек, қыста шаңғы тебу базалары сияқты небір бағыттар еске түседі. Алайда туризмді тартымды ете түсер басты тетіктің бірі – дәмді әрі ерекше ас ұсынар нысандар, коллаборациялар, қайта оралғың келіп тұратын дәм екені сөзсіз.

- Бізге көрсеткен сенімдері үшін әр қонағымызға, командамыздың әр мүшесіне және WhereToEat премиясының сарапшыларына алғыс білдіреміз. Қол жеткізген бұл табыс бізге сенім білдірген барша адамға тиесілі. Мұнда әр тағам «Две реки» мейрамханасының тарихының бөлшегі, әр кездесу - қайталанбас ерекше оқиға десем артық айтқандық емес. «Две реки» ел шығысындағы Өскемен қаласының және жалпы осы өңірдің гастрономиялық тұрғыда дамуына өз үлесін қосуды жалғастыра бермек, - деп ой қорытты кәсіпкер Бақытжан ханым.


Шын мәнінде, 5 жылдық шағын мерейтойға орай мейрамханада ребрендинг жасалып, залдарының әрленуі де жаңаруда. Осылайша үнемі заман ағымымен қадамдас болуды көздейтін орындар әрдайым өсіп-өркендейтініне күман жоқ.

ФОТО: Суреттерді мейрамхана әкімшісі ұсынды

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу