KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Архив құжаттары цифрлық форматқа ауыстырылуда

12.11.2024, 14:30 126 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысының архив мекемелерінің желісі төрт филиалы бар облыстық мемлекеттік архив пен тоғыз аудандық мемлекеттік архивтен тұрады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жайнар Шаянбаева осы мекемелердің жұмысы жайында баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының архив мекемелері "Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелері немесе архивтік үзінділер беру" мемлекеттік қызметін көрсетеді. Бұл қызмет электрондық үкіметтің веб-порталы, Мемлекеттік корпорация және облыстың архив мекемелері арқылы қолжетімді. 2023 жылы облыстың архив мекемелері 42 841 мемлекеттік қызмет көрсетсе, биылғы он ай ішінде 22 608 қызмет көрсетілген. Оның ішінде, 2023 жылы қызметтердің 74,8% (32 031), ал биыл 60,2% (22 356) электронды үкімет порталы арқылы алынған.

Жайнар Қыпышқызының айтуынша, архивке көбінесе әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраулар түседі. Мысалы, азаматтар еңбек өтілі мен жалақы мөлшерін, жасын, отбасы құрамын, білімін, марапаттарын, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды аудару туралы, ғылыми дәрежелер мен атақтар беру, жазатайым оқиғалар, емделу, эвакуация, қуғын-сүргінге ұшырау, оңалту, әскери қызмет және экологиялық апат аймақтарында тұру жайында ақпаратты сұрайды.

2021 жылдың қыркүйегінен бастап "Е-Архив" ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін архив мекемелері архив құжаттарын цифрландыру және оларды жүйеге жүктеу, сондай-ақ жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес барлық модульдер бойынша мәліметтерді енгізу жұмыстарын жүргізуде. Құжаттарды цифрлық форматқа көшіру қарқынды жүріп жатыр, - деді Жайнар Қыпышқызы.

Спикердің берген мәліметіне сүйенсек, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін архивтерде 25 338 іс (1 871 638 парақ) цифрлық форматқа ауыстырылған, бұл жалпы құжаттардың екі пайызына тең. Ал 2024 жылдың он айында 113 456 сақтау бірлігі (7,2%) цифрлық форматқа ауыстырылды. 2022 жылы тек 9 598 бірлік цифрландырылған болатын.

2024 жылы Шығыс Қазақстан облысы үшін "Цифрландырылған құжаттардың үлесі" (KPI) көрсеткіші 14% болу керек, ал жылдық өсу көрсеткіші 6% болуы тиіс.

Сондай-ақ, облыстың мемлекеттік архивтерінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған. Жайнар Шаянбаева халықты ақпараттандыру мақсатында облыстың архив мекемелері мемлекеттік корпорация қызметкерлерімен бірлесе семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер өткізетінін, жадынамалар, буклеттер таратылып, мақалалар жарияланатынын жеткізді.


Айна Ескенқызы

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу