Риддерде заманауи аурухана кешенінің құрылысы жалғасуда

Риддер қаласының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов көпсалалы аурухана кешенінің құрылысымен танысты, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Бас дәрігер Гүлнар Кітаппаеваның айтуынша, жаңа нысан аймақтың медициналық инфрақұрылымының маңызды бөлігі болады, оның құрамында 200 кереуеттік стационар және бір ауысымда 500 келушіге арналған емхана бар. Кешеннің жалпы алаңы 37 306 шаршы метрді құрайды.
Жоба 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Емхана құрылысын 2024 жылдың желтоқсанында, ал стационарды 2025 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының жалпы сметалық құны 37,7 миллиард теңге. Қазіргі таңда 3 миллиард теңге игерілді. 2024 жылы республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлу қарастырылған.
Нұрымбет Сақтағанов құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтап, жоғары сапа деңгейін сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, жаңа аурухана кешенінің аймақ тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда маңызды қадам болатынын айтты.