Тамара Дүйсенова Риддер қаласында салынып жатқан аурухана кешенінің құрылысымен танысты (Видео)
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Риддер қаласындағы жаңа аурухананың құрылысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қазіргі уақытта Риддерде 34 миллиард теңгеге бағаланған көпсалалы аурухана салынып жатыр. Оның 6 миллиард теңгесі игерілгенімен, құрылыс соңғы уақытта бәсеңдеп қалған еді. Жергілікті халықтың мазасын алған бұл мәселе бүгін шешімін тапты. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде жиналған қаражаттың бір бөлігі аурухана құрылысына бөлінетін болды.
- Кешеннің жалпы ауданы: 40 000 шаршы метр.
- Стационар: 200 орынға арналған.
- Емхана: Күніне 500 адамды қабылдай алады.
- Медицина мамандары: 500-ден астам қызметкер.
- Қосымша бөлімшелер: Кардиология, инсульт, травматология, күйікке арналған төсектер.
- Құрылыс мерзімі: 2021 жылы басталды, аяқталуы – 2025 жылға дейін.
Қазіргі Риддер қаласындағы аурухананың ғимараттары 80 жыл бұрын салынған және қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Ал жаңа кешен аймақтағы медициналық инфрақұрылымды түбегейлі жаңартып, сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттырады.
Риддер – демографиялық жүктемесі жоғары моноқала. 55 мыңнан астам тұрғыны бар шаһардың 22,7%-ын 60 жастан асқан тұрғындар құрайды. Жаңа аурухананың ашылуы өңір тұрғындары үшін маңызды оқиға болмақ.
Қабылданған шаралар Риддер ауруханасының «сақалды құрылыс» атануына жол бермей, халықтың сапалы медицинаға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Жаңа кешеннің іске қосылуы өңірдің медициналық әлеуетін арттырып, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Нелли Петенева