KZ
Өскемен
-15°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
527.23 544.05 5.05

ШҚО-дағы ұлттық жобалар: ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру жолында

Кеше, 15:00 148 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге арналған брифинг өтті.
Оған ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Саят Тойкенов қатысты. Брифингте соңғы екі жылда өңірдегі шекаралық аймақтарда салынған және салынуы тиіс ұлттық жобалар – мектептер мен медициналық нысандардың жай-күйі талқыланды.

Саят Ерланұлының айтуынша, 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысында екі ұлттық жоба жүзеге асырылды: «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулықты жаңғырту» жобалары.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 35 млрд теңгеге жеті мектептің құрылысы жүргізілді. Жыл соңына дейін Риддер қаласында бір, Шемонайха ауданында бір, Өскеменде екі және Белоусовка кентінде 2100 орындық бір мектептің құрылыс жұмыстары аяқталған. Өскеменде Есенберлин даңғылы мен Опытное поле ауылында 900 орындық екі мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталады.

– Барлық мектептердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы қосылған. Мектептер бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары үшін бөлек блоктарда орналасқан, бұл қауіпсіздік шараларын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, заманауи жабдықталған лабораториялар, психолог және логопед кабинеттері бар, – деді Саят Ерланұлы.

Бұл жоба аясында 2023 жылы 18 медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде 3 амбулатория Алтай ауданында, 3 амбулатория Тарбағатай мен Зайсан аудандарында, 5 медициналық мекеме Глубокое ауданында, сондай-ақ Ұлан, Катон-Қарағай, Үлкен-Нарын аудандарында бір-бір нысаннан салынды.

Шемонаиха ауданының Волчанка ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысы 2025 жылы аяқталады.

– Ұлттық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде шұғыл медициналық көмек көрсетудің сапасы артып, «Алтын сағат» қағидатын сақтау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, – деді Саят Ерланұлы.

Брифинг барысында жаңа нысандар шекара маңы аудандарын қамтығаны айтылды. Бұл ауылдық инфрақұрылымды жақсартуға үлкен қадам болып отыр. Мысалы, Тарбағатай ауданының Жаңаталап және Ахметбұлақ ауылдары, Марқакөл ауданындағы Ақжайлау мен Урунхайка, Шемонаиха ауданының Волчанка және Межовка ауылдары жаңа нысандардың игілігін көреді.

2023 жылы ауылдық жерлердің 25 мың тұрғыны үшін жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын 36 медициналық нысан салу жоспарланған болатын. Оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық пункт бар.

Жоба аясында Тарбағатай ауданында – 6 медициналық пункт, Шемонаиха ауданында – 1, Күршім ауданында – 3, Марқакөлде – 2, Ұланда – 5 медициналық пункт, Глубокое ауданында – 1 дәрігерлік амбулатория салынған.

Серік Құсанбаев

Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу