KZ
Өскемен
-18°
туман жел 1 м/с, С
499.11 521.12 5.58

Шалғай ауыл тұрғындарына тегін медициналық тексеру жүргізілуде (видео)

Бүгін, 14:20 103 Бакимбаева Айна

Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық орталығында шалғай ауылдардан келген әйелдер кешенді медициналық тексеруден өтуде. Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай және Зайсан аудандарының тұрғындары Өскеменге келіп, онколог мамандардың кеңесін алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Тексеру барысында пациенттерден жалпы қан талдауы алынып, маммография, кіші жамбас және сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуі жүргізілді. Сонымен қатар, олар гинеколог, маммолог және онкодерматолог мамандарынан кеңес алды. Қосымша тексеру қажет болған жағдайда, пациенттерге төмен дозалы өкпе КТ тағайындалады.

2024 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл іс-шаралар көптеген әйелдерге ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік берді. Ерте диагностика онкологиялық ауруларды тиімді емдеуде маңызды рөл атқарады.

ШҚО Онкология және хирургия көпсалалы орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина енді бұл бағдарлама шалғай ауылдардағы ер азаматтарға да қолжетімді болатынын атап өтті. Бұл бастама қауіпті ауруларды уақытында анықтауға және ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Марқакөл ауданы, Қалжыр ауылының тұрғыны Гүлнара Әлпекова дәрігерлерге алғысын білдіріп, мұндай медициналық тексерулер ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты.

Бұл медициналық акциялар халық денсаулығын жақсартуға және ауыр дерттердің алдын алуға елеулі үлес қосады. Шалғай ауыл тұрғындары осы мүмкіндікті пайдаланып, өз денсаулығына мән бергені маңызды.

Фото: Нелли Петенева

Видео: Ермек Жиенбеков


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу