KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
503.15 543.3 5.93

Тасқынға — тосқын: ШҚО-да қауіпті аумақтарды қадағалау күшейтілді

24.03.2025, 20:30 428 Әбішев Ержан


ШҚО-да су тасқыны қаупі бар аймақтарды қадағалау жұмыстары күшейтілген тәртіпте жалғасып жатыр. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жедел штаб мүшелерімен бірлесіп, су басу қаупі бар аудандарды тікұшақпен шолу жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Ауа райының күрт құбылып, температураның ауытқуына байланысты жағдайды нақты уақыт режимінде бақылау аса маңызды.
Марқакөл ауданында су тасқынының алдын алу шаралары атқарылды: Қалжыр өзенінің арнасы түзетіліп, су өткізу құбырлары орнатылды. Бұл Қалжыр және Марқакөл ауылдарын су басу қаупін азайтуға мүмкіндік берді. 72 су өткізу нысаны, алты көпір, сонымен қатар арықтар тазартылды. Алдағы уақытта Қара Ертіс және Қалжыр өзендерінде мұз кептелісінің алдын алу үшін жару жұмыстары жүргізіледі. Орта Теректі, Лайлы және Төменгі Тайынты бөгеттері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бөгеттер әлі де мұз құрсауында, бірақ кейбір жерлерде мұз ойыла бастаған.
Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында су тасқыны қаупі толығымен жойылды, ал Жаңаауыл, Сарыөлең, Қарасу, Жетіарал және Маңырақ ауылдарында еріген қар суларынан келер қауіп барынша азайтылды. Жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп, 182 су өткізу нысаны, тоғыз көпір және 33 шақырым су арналары тазартылды.
Күршім ауданында төрт ауылды су басу қаупінің алды алынды. Күршім – Топтерек автожолындағы көпір жөнделді. Мол суды өткізуге 441 су өткізу құрылысы дайын, 19 көпір, сондай-ақ айналма арықтар тазартылды. Екі өзен учаскесінде мұзды ұсақтау үшін алдын ала жару жұмыстары жоспарланған.
Облыстағы барлық қызметтер күшейтілген дайындық режимінде жұмыс істеуде. Аудан және қала әкімдеріне су деңгейін, бөгеттер мен гидротехникалық нысандардың жағдайын тұрақты бақылап, жұмыстарды үйлестіру тапсырылды. Әсіресе, жергілікті жолдар мен көпірлердің жағдайына ерекше мән беріліп, кедергісіз көлік қозғалысы қамтамасыз етілуге тиіс.
Су тасқыны кезеңі – жауапты уақыт. Басты мақсат – халық пен инфрақұрылымды қорғау үшін барлық қажетті шараларды атқару.

Фото: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу