«Тасқынға дер кезінде тосқауыл болу – басты міндет» – ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов (видео)
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданындағы гидротехникалық нысандарды аралап шықты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыста инфрақұрылым нысандарын су тасқынынан қорғауға бағытталған кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Алтай ауданында Березовка өзенінің және Малеевка ауылындағы көпір маңындағы Бұқтырма өзенінің арнасы тексерілді. Бұл жерде гидропост орналасқан.
Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, ертеңнен бастап мұзды жару арқылы тасқынның алдын алу жұмыстары басталады. Пиротехникалық жұмыстар осы аптаның соңына дейін аяқталмақ. ШҚО-да жалпы су тасқыны қаупі жоғары 19 учаске бар, соның бесеуі Алтай ауданында орналасқан.
Мұзды жару жұмыстары – қауіптің алдын алуға бағытталған жоспарлы шаралардың бір бөлігі.
Өңірде 124 су өткізу құрылғысы бар, Бұқтырма өзенінің жағдайы тәулік бойы бақылауда. Бұл гидрологиялық ахуалдағы кез келген өзгеріске шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ШҚО ТЖД жанынан 105 қызметкерден құралған арнайы топ жасақталған, олардың иелігінде 44 арнайы техника бар. Жедел штаб үш ауысыммен жұмыс істейді және жергілікті атқарушы органдардың тасқынға дайындығын бақылауда ұстайды.
Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы бақылауда. Арналар, арықтар, су өткізгіш құбырлар мен көпірлердің астын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қар шығару жұмыстары да қатар атқарылуда. Айта кету керек, су тасқыны маусымына дайындық ерте басталған.
Алдағы уақытта Бұқтырма өзеніндегі бес қауіпті учаскеде – Зубовск кенті, Тұрғысын, Малеевка, Богатырево және Быково ауылдарының маңында профилактикалық мұз жару жұмыстары жүргізіледі.