Өскеменде «Ер есімі — ел есінде» акциясы басталды
@oskemenakimdigi
Өскемен қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған «Ер есімі — ел есінде» атты республикалық акция бастау алды. Аталған бастама аясында қала тұрғындары өз отбасының соғыс жылдарындағы ерлікке толы тарихымен бөлісе алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Акцияны Өскемен қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Негізгі мақсат – Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр аталарымыз бен әжелеріміздің ерлігін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Қатысу үшін тұрғындар арнайы әзірленген Telegram-ботқа https://t.me/Eresimi_elesindebot өтіп, қысқаша анкетаны толтыруы қажет.
Анкетаға енгізілетін мәліметтер:
- Ардагердің аты-жөні;
- Туған жылы;
- Туған жері;
- Қызмет еткен орны мен жылдары;
- Жақсы сападағы фотосуреті (анық көрінетін).
Маңызды: Ардагерлер туралы ақпараттар 2025 жылғы 5 мамырға дейін қабылданады.
Жиналған деректер мен естеліктер Жеңіс күні қарсаңында қала әкімдігінің ресми парақшаларында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Бұл — майдангерлердің өмір жолын құрметтеп, олардың ерлігіне тағзым етудің бір жолы.
Қала әкімдігі өкілдері тұрғындарды белсенділік танытып, аталар мен әжелерінің естеліктерін бөлісуге шақырып отыр. Ұлы ерлікті ұмыт қалдырмай, келешек ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.