KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 2 м/с, ОБ
503.35 590.63 6.62

Елімізде көпірлерді жобалау мен жөндеуге арналған бірыңғай норматив бекітілді

Бүгін, 10:00 46 Ержан Әбіш

Елімізде «Көпір құрылыстары. Көпірдің үйіндімен түйісу аймағы» атты ведомстволық нормативтік құжат қолданысқа енгізілді. Аталған құжат көпірлер мен кіреберіс үйінділері арасындағы өтпелі аймақты жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезінде қолданылатын бірыңғай талаптарды айқындайды. Бұл аймақтарда жол жамылғысының шөгуі мен деформациялануы жиі кездесетіні белгілі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Норматив Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты тарапынан әзірленіп, жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарындағы көпір құрылыстарына қатысты жұмыстардың толық циклін қамтиды. Құжатта инженерлік-геологиялық ізденістерден бастап, конструктивтік шешімдерді таңдау, жөндеу және кейінгі пайдалану кезеңдеріне дейінгі үдерістер нақты реттелген.

Құжатта өтпелі плиталар мен төсемдерге, олардың тіреу тораптарына, майда тас негіздеріне, дренаждық үйінділерге, сондай-ақ үйінді конустары мен жиегін нығайтуға қойылатын талаптар белгіленген. Бұл нормалар көпірлерді жаңадан салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары барысында қолданылады.

Норматив талаптарын іске асыру заманауи цифрлық технологияларды енгізумен қатар жүргізілуде. Көпірлерді тексеру барысында пилотсыз ұшу аппараттары мен үш өлшемді модельдеу технологиялары қолданылып, түйісу тораптарының цифрлық модельдері жасалады. Бұл көпірлердің техникалық жай-күйін дәл бағалауға мүмкіндік береді.

Жұмыстар Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетімен үйлестіріле отырып жүзеге асуда. Аталған шаралар көпір құрылыстарының сенімділігін арттыруға, пайдалану шығындарын азайтуға және автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу