KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 3 м/с, ОШ
503.35 590.63 6.62

Үкіметтен мемлекеттік бағдарламаларды бекіту өкілеттігін алып тастау ұсынылды – Конституциялық комиссия

Бүгін, 12:15 37 Базарова Айгүл

Конституциялық комиссияның екінші отырысында ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Негізгі заңға енгізілуі ұсынылып отырған маңызды түзетулерді таныстырды. Министрдің айтуынша, бастамалар азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген, деп хабарлайды Altainews.kz.

Ұсынылған өзгерістер Үкіметтің, Конституциялық соттың, прокуратура мен сот билігі органдарының жекелеген функцияларын нақтылауға, құқық қорғау тетіктерін жетілдіруге, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға және жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын айқындауға бағытталған. Сонымен қатар, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін реттейтін нормаларды қайта қарау көзделіп отыр.

Түзетулердің жеке бір блогы болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты. Атап айтқанда, төрағаны тағайындау, депутаттық корпусты қалыптастыру тәртібі және өзге де рәсімдік мәселелерді нақтылау ұсынылады.

Ерлан Сәрсембаев Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібінің маңыздылығын ескере отырып, бұл нормаларды жеке бөлімге шоғырландыру қажеттігін атап өтті.

Үкімет функцияларын қайта регламенттеу аясында мемлекеттік бағдарламаларды бекіту өкілеттігін алып тастау, сондай-ақ мемлекеттік комитеттердің қызметін басқару, олардың актілерінің күшін жою және тоқтата тұру құзыреттерін қысқарту ұсынылады.

«Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес мемлекеттік бағдарламалар аталған жүйенің құжаттары болып табылмайды. Мұндай бағдарламалар қажеттілігіне қарай әзірленіп, бекітілетін болады», – деді әділет министрі.

Сонымен қатар, ол 2021 жылдан бастап Қазақстанда мамандандырылған әкімшілік соттардың енгізілуі құқық үстемдігін нығайту жолындағы маңызды қадам болғанын еске салды.

«Осыған байланысты Конституцияның тиісті бабында сот билігі әкімшілік сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асырылатынын тікелей көрсету ұсынылады. Бұл әкімшілік соттарға конституциялық-құқықтық мәртебе береді, жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттырады және қоғамның сот билігіне сенімін нығайтады», – деп атап өтті министр.

Жалпы алғанда, Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік жүйенің тиімділігін күшейтіп, оның сапасын тек жеке тұлғалармен емес, жария билік институттарының орнықтылығымен бағалауға мүмкіндік береді.

«Қоғам үшін бұл мемлекеттің сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан дәйекті әрі құқықтық тұрғыда әрекет ететініне болжамдылық пен сенімділікті білдіреді. Әлеуметтік міндеттемелер орындалуда, экономикалық процестер жалғасуда, халықаралық міндеттемелер сақталуда», – деп түйіндеді әділет министрі.




Фото: Конституциялық сот 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу