Нұрымбет Сақтағанов: «Адамдарға лайықты жағдай жасау – басты міндет» (видео)
Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінде жаңадан салынған заманауи емхана жуықта есігін айқара ашпақ. Құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталып, қазір ішкі әрлеу, аула абаттандыру және кіреберіс жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл нысан аудан ғана емес, бүкіл өңірдің медициналық инфрақұрылымын нығайтатын маңызды мекеме болмақ. Жаңа емхана ауыл тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жол ашады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аталған жобаның ауылдық жерлерде алғашқы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырудағы маңызын атап өтті:
Жаңа емхананың ашылуы Қасым Қайсенов кенті мен оған іргелес ауылдардың тұрғындарына амбулаториялық көмек көрсету сапасын жаңа деңгейге көтермек.
Ұлан аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Өскенбаевтың айтуынша, мекемеге қажетті мамандардың басым бөлігі бар, тек бір ғана салалық дәрігер жетіспейді. Емхана бір ауысымда 150 адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ, мұнда 6 орындық күндізгі стационар да жұмыс істейтін болады.
Бұл медициналық мекеме – Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жолындағы тағы бір ілгері қадам. Ол тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, медицина қызметкерлеріне де жайлы жұмыс жағдайын қалыптастырады.
Құрылыс жұмыстарын толық аяқтау мерзімі – биылғы жазға жоспарланып отыр.
Фото: Махаббат Ахметжанова












