Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана бой көтеруде
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Қасым Қайсенов кентінде жаңа үш қабатты заманауи емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70%-ы аяқталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың қараша айына жоспарланған. Жаңа медициналық мекеме күніне 150 адамды қабылдауға қауқарлы болады. Мұнда кеңес беру-диагностикалық және алдын алу бөлімшелері, сондай-ақ күндізгі стационар палаталары қарастырылған.
Жаңа емхана Ұлан ауданының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Қазіргі таңда емханаға тіркелген халық саны 29 498 адамды құрайды.
Жаңа емхананың мүмкіндіктері кең болмақ. Мұнда флюорография, рентген, маммография, эндоскопия кабинеттері, сондай-ақ медицинадағы әр сала мамандарының кабинеттері (оториноларинголог, офтальмолог, дерматолог, невропатолог, кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, хирург, травматолог, фтизиатр, жалпы тәжірибелік дәрігерлер) жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, зертханалық диагностика бөлімі де ашылып, онда микробиологиялық, серологиялық және жалпы клиникалық зерттеулер жүргізіледі.
Жаңа емхана Ұлан ауданы тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, сапалы әрі заманауи медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.