«Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» республикалық поэзия фестивалі өтеді
13–15 маусым күндері Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестивалі өтеді. Ауқымды шара аясында әдебиет пен өнерге арналған бірқатар мәдени бағдарламалар жоспарланған. Соның бірі – 13 маусым күні Топқайың ауылының жоғарғы жағында өтетін «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалі. Бұл әдеби-рухани жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындар қатысады деп күтілуде. Шараға қатысушылардың бірі, танымал журналист әрі ақын Мұратхан Кенжеханұлы поэзия кешінің мәні мен маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының мәліметінше, фестиваль әдебиетіміздің алып тұлғалары – Қалихан Ысқақтың 90 жылдығы мен Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Сонымен бірге, фестиваль жазушылар шығармашылығын дәріптеп қана қоймай, түркі дүниесінің ортақ рухани мұрасын жаңғыртуды, мәдени ықпалдастықты тереңдетуді көздейді. Ендеше, дүйім жұрттың басын қосар дүбірлі тойды халық боп тойлатуға не жетсін!



