KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 2 м/с, СШ
504.49 587.73 6.57

Ертіс өзені – ортақ мүдде: ШҚО мен Омбы делегациясы өзара жобаларды талқылады

3.07.2025, 17:00 289 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко бастаған ресейлік делегация облыс басшылығымен бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Кездесу барысында екіжақты әріптестікті нығайту, шекаралық аймақтар арасындағы кооперацияны дамыту және Ертіс өзенінің логистикалық әлеуетін бірлесіп пайдалану жайы сөз болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Андрей Шпиленко сапар мақсатының үш негізгі бағытына тоқталды.

– Біріншіден, біз Ертіс өзенін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Екіншіден, Омбы облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруды көздейміз. Үшіншіден, бізбен бірге келген 50-ге жуық кәсіпкер қазақстандық әріптестерімен өзара тиімді байланыс орнатуға ниетті, – деді ол.

Қонақтар Ертістің бүгінгі мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Туризм, логистика және экология салаларында әлі де ашылмаған әлеует бар екенін тілге тиек етті. Осыған байланысты Омбы облысының делегациясы Қазақстандағы Ертіс маңындағы облыстарды аралап, әр өңірдің әкімдігімен ашық диалог орнатуда.

– Павлодар және Абай облыстарында өз ұсыныстарымызды ұсындық және қолдау таптық. Бүгінгі ШҚО-дағы кездесу – осы сенімді жалғастырудың бір парасы. Біз бизнес өкілдеріне өзен арқылы жүк тасымалдау мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беруді, кеме қатынасының жағдайын кешенді бағалауды ұсынып отырмыз, – деді делегация жетекшісі.

Кездесуде сондай-ақ Омбы облысында жүзеге асып жатқан кластерлік даму үлгілері таныстырылды. Кеңестік кезеңдегі аумақтық-өндірістік кешендердің тәжірибесі негізінде құрылған бұл жүйе – шикізаттан бастап, дайын өнімге дейінгі бүкіл өндіріс тізбегін қамтиды. Ресейлік делегация өкілдерінің айтуынша, бұл модель Шығыс Қазақстан кәсіпкерлері үшін де тиімді ұсыныстар ұсына алады.

Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық байланысты одан әрі кеңейтуге, ғылыми және іскерлік топтар арасындағы ықпалдастықты жолға қоюға мүдделі екендерін жеткізді. Ертіс бойындағы ынтымақтастық болашақта халықаралық логистикалық дәлізге айналуы мүмкін стратегиялық бағыт ретінде бағаланды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу