KZ
Өскемен
-5°
плотный туман жел 1 м/с, С
508.3 592.17 6.63

Самар ауданында туризм дамуы жаңа деңгейге көтерілмек

8.09.2025, 13:30 373 Төлеуғазы Жансая

Бүгін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына тоқталып, оның еліміз үшін стратегиялық бағыттардың бірі екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл салада түйткілді мәселелер жеткілікті, ең бастысы – кәсіби кадрлардың тапшылығы мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– «Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Самар ауданы да белсенді шаралар қабылдауда. Аудан әкімі Серік Жеңісовтің айтуынша, өңір экономикасын әртараптандыру үшін туризм негізгі басымдықтардың біріне айналған.

– «Президент Жолдауында айтылған бастамаларды қолдай отырып, біз аудан әкімдігі жанынан «Самар ауданының туризм және инвестициялар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін құрдық. Бұл орталықтың негізгі міндеті – туристік кластерді дамыту, туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларына инвестиция тарту», – деді аудан басшысы.

Самар жағалауының әсем табиғаты мен жағажай туризмі болашақта халықаралық деңгейде брендке айналуы керек. Әкімнің айтуынша, аудандағы әрбір кәсіпкер туризмді дамытуға үлес қосуға мүмкіндік алады, оларға ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіледі.

Осы бастамалар Самар ауданының туризмін жаңа белеске көтеріп, жергілікті экономиканың дамуына серпін бермек. Табиғи әлеуетті тиімді пайдалану арқылы аудан тек өңірлік қана емес, республикалық деңгейде де тартымды туристік орталыққа айналуы мүмкін.

Фото: Самар ауданы әкімдігінен

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу