KZ
Өскемен
-14°
туман жел 1 м/с, С
501.79 595.07 6.56

Шығыс Қазақстанда кезекті ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды

7.01.2026, 11:30 173 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданына қарасты Алтынбел ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа нысан ауылдық аумақтардағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аталған өрт сөндіру бекеті Алтынбел, Егінді, Майемер және Үштөбе елді мекендеріне қызмет көрсетеді. Бұл ауылдарда жалпы саны 1 600-ге жуық тұрғын бар. Жедел қызмет бөлімшелерінен шалғай орналасқан ауылдар үшін мұндай нысандардың іске қосылуы ерекше маңызды, себебі алғашқы минуттарда көрсетілген көмек адам өмірі мен мүлкін сақтауда шешуші рөл атқарады.

Бекеттің ашылуы аясында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің, жедел қызмет өкілдерінің және ауылдық округ тұрғындарының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Жиында ерікті өрт сөндіру бекетінің қызметін ұйымдастыру, кәсіби құтқару бөлімшелерімен өзара іс-қимыл тетіктері және жедел ден қою мәселелері талқыланды.

Шара барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ерікті өрт сөндіру құрамаларын дамытудың маңызын атап өтті.

«Ерікті өрт сөндіру құрамалары желісін дамыту – ауылдық елді мекендер үшін тиімді әрі өзін толық ақтайтын шешім. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдардың басты басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жұмыс өңірде жүйелі түрде жалғасады», – деді аймақ басшысы.

Алтынбел ауылында ерікті өрт сөндіру бекетінің ашылуы елді мекендердің қорғалу деңгейін арттырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін айтарлықтай күшейтеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу