Зайсан әуежайы маусым айында алғашқы әуе кемесін қабылдайды
Қазіргі уақытта Зайсан ауданындағы жаңа әуежайдың құрылысы 65% аяқталған. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай атқарылуда, деп хабарлайды, Altainews.kz тілшісі.
Бас мердігер «ЭЛХОН» ЖШС бас директорының орынбасары Әсет Сұлтановтың айтуынша, құрылыс барысында айтарлықтай қиындықтар туындамаған. Әуежайды жобалау және салу жұмыстарын «Қазаэронавигация» РМК жүзеге асыруда. Ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы, сондай-ақ жалпы аумағы 4000 м² әуежай терминалының құрылысы мерзімге сай жүргізілуде. Сонымен қатар, рулеж жолдарын, төрт әуе кемесіне арналған перронды, басқару-диспетчерлік пунктін, авариялық-құтқару қызметін, метеостанцияны және радионавигациялық жабдықтарды салу көзделген.
Зайсан ауданы үшін жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі өте жоғары және ауданға туристерді тартуға үлкен мүмкіндік ашылмақ.
Әуежай іске қосылғаннан кейін Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласына, Алтай аймағына және Қанас көліне халықаралық әуе рейстерін ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі бағыттар бойынша тұрақты әуе қатынасы жүзеге асырылады. Әуежай Bombardier Q400, ATR-72 және осыған ұқсас өңірлік санаттағы әуе кемелерін қабылдай алады.
Бұл жоба – өңірдің курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салуды көздейтін ауқымды бастаманың бір бөлігі. Оның аясында Катонқарағай және Маңғыстау облысындағы Кендірлікте нысандар бой көтеруде.
Шекара шебіндегі тарихи да мәні зор құрылыстың сапасын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аралап, танысты. Аймақ басшысы мердігер компания өкілінен нысанды мерзімінде, барлық сапа талаптарын қатаң сақтай отырып аяқтауды тапсырды.
Халықаралық маршруттар қарастырылған әуежай жұмысын бастағанда шекарадағы Зайсан ауданы аз уақытта мүлдем жаңа кейіпке енетініне сенім зор.
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жәнібек Ырысбай






