Зайсан әуежайында негізгі құрылыс жұмыстары басталды (видео)
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда ішкі туризм мен жолаушылар әуе тасымалын дамыту мақсатында Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежай құрылысы басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Зайсан қаласынан 28 шақырым қашықтықта орналасқан Сәтбай елді мекеніне барып, әуежай салынатын аумақты қарап шықты. Қазіргі уақытта әуежай құрылысына қажетті жер учаскелері рәсімделіп, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылым тартылып, құрылыс алаңы дайындалуда. Министр жұмыс барысына оң бағасын беріп, жобаның уақытылы әрі сапалы орындалуы керектігін атап өтті.
184,5 гектар жерді алып жатқан учаске географиялық және метеолорогиялық жағдайды, сондай-ақ логистикалық қолжетімділікті ескере отырып таңдалды. Ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы салынады. Ұшу-қону жолағын алдағы уақытта кеңейту мүмкіндігі бар. Әуежай аймағында Bombardier Q400, ATR-72 және басқа да ұқсас типтегі заманауи әуе кемелерін қабылдау жоспарланып отыр. Қазір отандық әуе компания ATR-72 ұшақтарын сатып алу мәселесін пысықтауда.
Сонымен қатар жоба аясында 4 әуе кемесіне арналған перрон, сағатына 150 жолаушыға дейін өткізу қабілеті бар 4000 шаршы метрлік заманауи аэровокзал, командалық-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған.
Шығыс Қазақстанда салынып жатқан жаңа әуежайлар тек Катонқарағай мен Зайсан тұрғындары үшін ғана емес, көршілес шекаралық аудандар – Марқакөл, Күршім, Тарбағатай, Үлкен Нарын халқы үшін де аса маңызды болмақ. Бұл аймақтардағы халықтың облыс орталығына және еліміздің ірі қалаларына жетуі айтарлықтай жеңілдейді. Жол қатынасы жақсарып, аймақтың ірі қалалармен байланысы нығаймақ.
Қазір Зайсанға жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Әуежай іске қосылып, инфрақұрылым дами түскенде бұл көрсеткіш 136 мың туристке дейін өседі деп күтілуде.
Жалпы, екі әуежайды отандық құрылыс компаниясы салуда. Нысанда жұмыстар жеделдетілген режимде жүргізіліп, келер жылдың туристік маусымында алғашқы әуе рейстерін қабылдау көзделуде.
Жергілікті әкімдіктің пікірінше, жаңа әуежай өңірдегі туристік саланың дамуына айтарлықтай серпін береді. Туризмнің өркендеуі шағын және орта бизнестің, әсіресе қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру және қолөнер кәсіпкерлігі салаларының қарқынды дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, әуежай Шығыс Қазақстан облысының экономикалық өсу нүктелерінің біріне айналып, аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: ҚР Көлік министрлігі