Жастар ресурстық орталығының қоғамға пайдасы бар ма?
Жастар ресурстық орталығының мүддесі мен қоғамға берер пайдасы қандай? Қазіргі таңдағы карантиндік шараларға байланысты жастарға тиімді қандай жұмыстар атқарудасыздар? сынды сұрақтарға облыстық жастар ресурстық орталығының директоры - А.Есімбекова жауап берді:
- Жалпы, облыстық жастар ресурстық орталығы 2012 жылдың 1-маусымда құрылды. Орталықтың басты мақсаты: жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер, жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдау, жастар арасындағы ахуалға мониторинг және талдауды жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар, жастардың потенциалын көтеру. Қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларға қарамастан 2020 жылдан бастап түрлі тақырыпта 148 тікелей эфир, ЖОО-да 15-тен астам ақпараттық түсіндірме жұмыстары,
19 бос жұмыс жәрмеңкесі, 65-тен астам мотивациялық бағытта кездесулер ұйымдастырдық. Бұл цифрды сөйлету емес, нақты іске татырлық жұмыстарды атап өту. Жастар арасындағы сауалнамаға көз жүгіртсем, жастар үшін іс-шаралар қызықты әрі пайдалы ақпаратқа толы, оның дәлелі 151 369 адамды қамтыды.
Қазірде «Jastarǵa – keńes», «Jastarǵa – qyzmet», «Jastarǵa – jumys», «Jastarǵa – bilim» сынды төрт бағытты қамтып, республикалық жобаларды жүзеге асырудамыз.
Волонтер Айбота Шанжың:
-Волонтер болу ол қолға ту алып ұрандату немесе шағын жиындарда отырып сөз сөйлеуде емес. Мен үшін волонтер болу қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, әлеуметтік мәселелерді қозғап, қарт адамдарға барынша қолғабыс көрсетіп, жастар саясатына араласып, тың идеяларды жандандырып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Елдік нышан мен үшін әркез бірінші орында. Десекте, жастар саясатының еш керегі жоқ дейтін сауалдар қойылып жатыр, бас қосқан жиындарда талқыланып та жатыр. Егерде жастар орталықтары болмаса, жастар қай жерден барып ақпарат алады, жобаларды қалай жүзеге асырады, жастардың саяси көзқарасын бір нышанға кім келтіреді, жастардың шығармашылығын дамыту бойынша кімдер жұмыс жасайды? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік пе?! Осылайша бірте-бірте NEET санатындағы азаматтардың саны көбейіп, қоғамның кері кетуі басталмайды ма? Экономикасы тұрақты, мықты ел болу үшін де болашақ жастар да нарыққа сай даму керек, ал даму үшін жастар саясатының потенциалын, өсу деңгейін көтеру өзекті мәселе. Жастарға қолдау барда, жастар міндетті түрде шетел аспай, туған жерінде абыройлы қызмет етеді.