«Миссис Семей-2019» жеңімпазы қаланың тұрғын-үй шаруашылық бөлімін басқаратын болды
Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін «Миссис Семей-2019» жеңімпазы Динара Шаяхметова басқаратын болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі «ЭК»-ге сілтеме жасап.
Ол бұған дейін аталмыш бөлімде орынбасар болып қызмет атқарған. Сондай-ақ Динара Шаяхметова төрт баланың анасы екенін айта кетейік. Ал бөлімге бұған дейін басшылық еткен Амантай Өтелбаев қала әкімдігінің бұл шешімімен келіспейтінін айтқан.
– Бұл адамшылыққа жатпайды. Мені парк үшін айыптап отыр. Негізі бұл бұрынғы әкім Ермак Сәлімовтің кінәсі. Ақыр соңында таяқтың ұшы маған тиді, ал ол судан таза, сүттен ақ болып шыға келді, – деді экс-бөлім басшысы «Экспресс К»-ның тілшісіне.
Айта кетейік, Семей қаласының орталық паркі 2019 жылы жөндеуге жабылған еді. Біраз уақыт бұрын нысан қайта ашылды. Бірақ ондағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған.