Риддерде жылыту маусымы тұрақты өтуде
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Риддер қаласындағы 2025–2026 жылғы жылыту маусымының өту барысымен танысты. Айта кетейік, қазір өңір бойынша ауа температурасының ең төменгі деңгейі -50 градусқа дейін жетті. Осы ретте қаладағы негізгі жылу көздерінің қыстың қақаған аязындағы қызметі сараланды. Бүгінде Риддер қаласын жылумен «Риддер ЖЭО» АҚ мен «SHNET» ЖШС кәсіпорындары қамтамасыз етеді. Бүгінде барлық жылу көздері штаттық режимде, ешбір оқыс оқиғаларсыз жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО әкімі болған «SHNET» ЖШС жалға алып отырған Тишин кенішінің қазандығы қаланың екінші және төртінші аудандарын, сондай-ақ өндірістік нысандарды жылумен қамтып отыр. Қазандықтың орнатылған жылу қуаты 58,1 Гкал/сағ, ал нақты жүктеме 34 Гкал/сағ, бұл тұтынушыларды толық әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және қосымша резервтің бар екенін көрсетеді.
Жылыту маусымына дайындық аясында қазандықта бірқатар жөндеу жұмысы жүргізілді. №3 және №6 қазандық агрегаттары капиталдық жөндеуден өтіп, негізгі жабдықтар жаңартылды. Сонымен қатар отын дайындау, күл шығару және насос жабдықтары толық тексеруден өтті. Қазандықтың жалпы техникалық дайындығы 100 пайызды құрайды.
Жылу беру маусымының өту барысын бағамдаған өңір басшысы отын қорының жеткілікті деңгейде екенін, Риддерде ағымдағы жылыту маусымы қалыпты әрі тұрақты режимде өтіп жатқанын атап өтті.
15 қаңтардағы жағдай бойынша Тишин кенішінің қазандық қоймасында 2660 тонна көмір бар. Орташа тәуліктік шығын 118 тоннаны құрайды, бұл нормативтік қордан төмен емес. Қажет болған жағдайда отын жеткізу екі тәулікте бір рет жүзеге асырылады.
Қала бойынша көпқабатты тұрғын үйлер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жылыту маусымына толық дайындықпен кірісті. Барлық әлеуметтік маңызы бар мекемелер тиісті актілерін алған.
Аймақ басшысы тұрғындар тарапынан түсетін барлық арыз-шағымдар шұғыл қаралып, барлық техникалық ақаулар уақтылы жөнделуі тиіс екендігін нықтады. Қала әкіміне әр әлеуметтік маңызды нысанның, әр тұрғын үйдің сапалы жылумен қамтылуы қатаң бақылауда болуы қажеттігін тапсырды.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай





