Балық шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары іске қосылды
Елімізде «Аквашаруашылық туралы» заңды іске асыру аясында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа кешенді тетіктері енгізілді. Бұл шаралар өндірушілердің шығындарын азайтуға, инвестиция тартуға және саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда аквашаруашылық субъектілерін қолдау субсидиялаудың үш негізгі бағыты бойынша жүзеге асырылуда. Біріншісі – инвестициялық салымдар кезінде жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу. Екіншісі – өнім сапасын арттыруға және асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға арналған субсидиялар. Үшіншісі – су беру қызметтерінің құнын субсидиялау.
Саланың дамуына серпін беретін маңызды жаңашылдықтардың бірі – инвестициялық шығындарды субсидиялау қағидаларының жаңартылуы. Алғаш рет қарсы міндеттеме енгізіліп отыр: мемлекеттік қолдау алған аквашаруашылық субъектілері кемінде бес жыл бойы өз қызметін жалғастыруға міндетті. Бұл талап бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, бірқатар басым бағыттар бойынша инвестициялық шығындардың 25 пайызына дейін өтемақы қарастырылған. Олардың қатарында сағатына кемінде бір тонна жем өндіретін зауыттар мен цехтарды салу және кеңейту, жылына 25 тоннадан бастап өнім өндіретін тоған шаруашылықтарын дамыту, сондай-ақ осындай қуаттылықтағы бассейндер мен тұйық су айналымы жүйелері бар индустриялық аквашаруашылық нысандарын құру көзделген.
Мемлекеттік қолдау сондай-ақ жылына 50 тоннадан бастап өнім өндіретін торлы акваөсіру шаруашылықтарына, аумағы кемінде 50 гектар болатын су айдындарында көл-тауарлы балық өсіруге арналған техника мен жабдықтарды сатып алуға, тәулігіне кемінде бір тонна өнім өндіретін балық өңдеу кәсіпорындарын құру және кеңейтуге, сондай-ақ балық шабағын өндіретін қайта өндіру шаруашылықтарына да таралады.
Су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылған. №8 паспорт шеңберінде акваөсіру субъектілерін сумен қамтамасыз етуге жұмсалған нақты шығындардың 50 пайызына дейін өтемақы қарастырылып отыр.
Өнім сапасы мен өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында жемшөпті, балық отырғызу материалын және аналық табынды сатып алуға берілетін субсидиялардың шекті мөлшерлері қайта қаралды. Сонымен қатар бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау күшейтіліп, көшпелі тексерулер, фото және бейнетіркеу, ветеринариялық құжаттарды ұсыну талаптары енгізілді. Бұл бағытта жемшөп сатып алуға кеткен шығындардың 30 пайызы, ал балық отырғызу материалына, биологиялық негіздеме әзірлеуге, дәрілік препараттарға және аналық балық үйірін күтіп-ұстауға жұмсалған шығындардың 50 пайызы өтеледі.
Сондай-ақ аквашаруашылық субъектілеріне су беру қызметтерінің құнын субсидиялау тетігі енгізілді. Мемлекеттік қолдау су беру тәсіліне қарамастан, қосылған құн салығын есептемегенде тарифтің 60-85 пайызы мөлшерінде қарастырылған. Бұл әсіресе су ресурстары шектеулі өңірлер үшін маңызды қолдау болмақ.
Жалпы, қабылданған кешенді шаралар акваөсіру өнімінің өзіндік құнын төмендетуге, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және балық шаруашылығының орнықты дамуына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, жаңа субсидиялау тетіктері өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім сапасын жақсартып, Қазақстанның ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.