Жеңілдетілген несиелер мерзімін 3 жылға дейін ұлғайту қажет – "Ауыл" партиясы
Фермерлер үшін несие беру мерзімін ұзарту мәселесі бірінші орында тұр.
Отандық тұтынушылар нарығын арзан және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету және дамыту үшін ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдетілген несиелердің мерзімін 3 жылға дейін ұлғайту қажет. Бұл туралы «Ауыл» партиясының сайлауалды үгіт-наихаты аясындағы қазақстандық фермерлермен өткен кездесуде айтылды. .
Кездесуде фермерлер мен тұрғындар партиялықтарға ауыл және ауыл кәсіптеріндегі нақты мәселелерге назар аударуды сұрады. Бір қызығы барлық елді мекенде фермерлер көтерген мәселе ұқсас болып шықты. Соның ішінде фермерлер үшін несие беру мерзімін ұзарту мәселесі бірінші орында тұр. Оны әртүрлі алаңда, соның ішінде басқа да партиялардың Парламенттегі депутаттарымен өткен кездесулерде де бірнеше рет көтерді. Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас» ештеңе өзгермеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі де мәселені жыл соңына дейін шешуге уәде берген. Алайда, жыл жабулы қазан күйінде жыл аяқталды.
«Фермерлер бізге сенеді, өйткені «Ауыл» партиясынан кандидаттар арасында кездейсоқ адамдар жоқ. Барлығы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты, олардың көпшілігі фермер немесе АӨК саласының өкілдері. Мамандар фермерлер жеңілдетілген несиелерді пайдаланбайтынын біледі, өйткені олар қысқа мерзімдік болғандықтан тиімсіз. Мұндай қарызды төлеу үшін фермер күзде, нарықта тауар көп және бағасы төмен тұрғанда жаздай өсірген өнімін, адал еңбегін арзанға сатуға мәжбүр», – деді «Ауыл» партиясынан Парламент депутаттығына кандидат Рабиға Тоқсейітова.
Осыған байланысты ол Парламенттің жаңартылған құрамындағы депутаттар бірінші кезекте несие беру мерзімін 3 жылға дейін ұзартуға қол жеткізуі тиіс екенін атап өтті.