«Nur Otan» Партиясы ШҚО филиалының кезектен тыс конференциясы өтті
«Nur Otan» Партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХХIV конференциясы өтті. Конференция жұмысына 139 делегат (басым бөлігі онлайн режимде) қатысты. Жиында облыстық партия филиалының бес жылдық сайлауалды бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде бағдарламаның барлық жобалары халықпен праймериз барысында кеңінен талқыланып, 1315 ұсыныс жинақталды. Оның 1036-сы (79%) қабылданған өңірлік бағдарламада ескерілді.
Облыстық мәслихатқа 64 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді. Тізімнен әйелдер үлесі 32,8%-ға, ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 23,4%-ға өскені көрінді. Сондай-ақ тізімдегілердің 64 пайызы «жаңа» тұлғалар екенін айта кету керек. Бұл қоғамның жаңару сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік берді. Мұндағы шағын және орта бизнес өкілдерінің үлес салмағы – 29,7 %, білім және ғылым саласының өкілдері – 15,6 %, өнеркәсіп пен денсаулық сақтау саласының мамандары – 10,9 %.
Көпшілік дебаттарға қатысқан 15 үміткердің алтауы дауыс беру қорытындысы бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіндегі орындарға үміткер болады. Конференция мен қоғамдық пікірталастар әлеуметтік желілерде онлайн режимінде таратылды.
Сонымен қатар, конференцияда 2020 жылдың 25 қарашасында өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезіне облыст атынан баратын 25 делегат сайланды.