Шығыста Халықтық ойындар қайта жанданады
Шығыс Қазақстанда бес жылдық үзілістен кейін облыс әкімінің жүлделері сарапқа салынатын Халықтық спорт ойындарын өткізу дәстүрі қайта жанданады. Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан мәлім етті.
Аталмыш басқармадағы бұқаралық спорт бөлімінің әдіскері Серік Тюстюбаевтың айтуынша, биыл 22 рет ұйымдастырылатын жарыстың бұрынғылардан бір ерекше тұсы бар. Атап айтсақ, бұл жолғы ойындар бірден екі қалада – Өскемен мен Зайсанда өтпек.
Осы ретте биылғы жарысқа қатысушылар спорттың 22 түрінен сынға түсетінін айту керек. Олардың арасында жеңіл атлетика, жазғы президенттік көпсайыс, қазақ күресі, үстел теннисі, волейбол, гір спорты, футбол, армрестлинг, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, асық ату, садақ ату, арқан тартыс, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, бәйге сияқты спорт түрлері бар.
Бір атап өтерлігі, жорға жарыс (7,5 шақырым), Аламан бәйге (25 шақырым), Топ бәйге (15 шақырым), Құнан бәйге (7,5 шақырым) сынды ат спорты мен ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар Зайсан қаласында ұйымдастырылмақ. Бұл жарыстар 12 мен 16 тамыз аралығында өтеді деп жоспарлануда.
Ал жалпы биылғы Халықтық ойындар 12 күнге созылатынын айтқан жөн. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты 18 тамызда, яғни спорт күніне орайластырылып облыс орталығындағы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өткізілетін болады.