KZ
Өскемен
-10°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
522.63 548.66 5.07

ШҚО-да Telegram арқылы өтініш беру жүйесі енгізілді

3.09.2024, 11:41 239 Айжанат Бақытқызы

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, бұл жаңалық азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты жеңілдетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Енді «EgovKzBot2.0» платформасында «Уәкілетті органға өтініш» функциясы іске қосылды.

Бұл жаңа функцияның артықшылықтары:
•    Азаматтар өздерін қызықтыратын сұрақтарды тікелей Telegram арқылы қою мүмкіндігіне ие болды.
•    Мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты шағымдар мен ұсыныстарды жолдау мүмкіндігі.
•    Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту үшін өтініштерді беру мүмкіндігі.

Бұл қадам мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға бағытталған.

ШҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінде Telegram бот арқылы 25-тен астам өтініш қаралды. Өтініштер әлеуметтік жәрдемақылар, мүгедектік, паспорт алу, еңбек қабілеттілігін жоғалту, соттылық туралы анықтамаларға қатысты болды.

Мысалы, 2024 жылдың 23 мамырында Риддер қаласының тұрғыны бала жасынан мүгедек баланың анасы ретінде тегін паспорт алу мәселесімен жүгінді. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, бала жасынан мүгедектігі бар адамның ата-анасының бірі мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Бұл өтініш барысында ақпараттық жүйеде мүгедек баланың қамқоршысы ретіндегі статусы көрінбегендігі анықталды. Осыған байланысты, өтініш қабылданбаған. 
Алайда, ақпараттық жүйедегі кемшіліктер мемлекеттік қызметті алуға кедергі болмауы тиіс. Сол себепті, уәкілетті органға құжаттарды қағаз түрінде қабылдау ұсынылып, паспортты рәсімдеу мәселесі шешілді.

Бұдан бөлек, қала тұрғыны сотты болған немесе болмағаны туралы анықтаманы бірнеше күн бойы ала алмай жүргенін көрсетіп, аталған платформа арқылы көмекке жүгінді. 

Департамент пен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органның араласуымен аталған қызмет техникалық ақаулардың салдарынан жүйеге түспегендігі анықталып, қызмет алушымен кері байланыс орнату нәтижесінде тиісті анықтама бір сағаттын ішінде қызмет алушыға беріліп, құқығы қалпына келтірілді.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті «EgovKzBot2.0» платформасындағы өтініштердің қаралуын тұрақты бақылауда ұстап, кері байланысты қамтамасыз етуді әрі мәселелерді жедел шешуді мақсат етеді. 

Telegram-дағы жаңа функцияның енгізілуі мемлекеттік қызметтерді модернизациялауға және азаматтар үшін олардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдету үшін заманауи технологияларды қолдану ашық әрі тиімді қызмет көрсету жүйесін құруға септігін тигізеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу