KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 5 м/с, З
509.84 595.75 6.47

Қазақстан Еуропа кеңесінің конвенциясына қосылуға ресми шақырту алды

23.06.2025, 18:20 2 855 Гульжан Мусина

Қазақстан Еуропа Кеңесінің қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы конвенциясына қосылуға ресми шақырту алды. Бұл шешім еліміздің халықаралық деңгейдегі құқықтық беделін тағы бір мәрте айқындап отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Бас прокуратурасының telegram-арнасына сілтеме жасап.

18 маусымда Еуропа Кеңесінің Министрлер Комитеті Қазақстанның аталмыш ұйымға жолдаған маңызды өтінімін мақұлдап, елімізге қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы Конвенцияға қосылу мүмкіндігін берді. Бұл бастаманы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы көтерген болатын.

Аталған Конвенцияға қосылу қазақстандық құқық қорғау органдарына халықаралық деңгейде тиімді жұмыс істеуге жол ашады. Енді еліміз 46 еуропалық мемлекетпен бірге қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер алуға, шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтаруға және трансұлттық қылмысқа қарсы бірлесіп күресуге құқықтық негізге ие болады.

Бұл қадам Қазақстанда жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының халықаралық деңгейде жалғасуына мүмкіндік береді. Яғни, еліміздің заңдылықты сақтау және құқықтық тәртіпті нығайту жолындағы мемлекеттік саясатына толықтай сәйкес келеді.

Сонымен қатар бұл конвенцияға қосылу Қазақстанды Еуропа елдерімен жеке-жеке екіжақты келісімдер жасасу қажеттілігінен босатады. Бұл халықаралық құқықтық ынтымақтастықты анағұрлым тиімді әрі жылдам етеді.

Айта кетейік, Қазақстан бұл конвенцияға қосылу үшін 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс жүргізіп келген. Алайда осыған дейін кейбір Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттердің қарсылығы себебінен еліміздің өтінімі мақұлданбай келген болатын.

Осы жолы Қазақстанның талпынысы нәтижелі болып, ресми шақырту алу Еуропа елдерінің еліміздің құқықтық жүйесіне сенім білдіргенін көрсетеді. Бұл – адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы Қазақстанның халықаралық мойындалған жетістігі.

Сондай-ақ бұл табыс – Бас прокуратура қызметкерлері мен еліміздің дипломаттарының жылдар бойы жүргізген кәсіби әрі табанды жұмысының жемісі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу