Зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалау енгізіледі
Сурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Зергерлер лигасы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Қайсар Жұмағалиевтің айтуынша, Қазақстандағы зергерлік бұйымдардың көлеңкелі нарығы 99 пайызға жетеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қазақстан зергерлері лигасының мәліметінше, елімізде контрафактілік цехтар жұмыс істейді. Онда арнайы жабдықтардың көмегімен тауар Түркия, Италия немесе Ресейде жасалынғанын мәлімдейтін жалған штамптар бар. Салдарынан адал кәсіпорындар көлеңкелі нарықпен бәсекеге түсе алмай, өндірісті тоқтатуға мәжбүр.
2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасына әкелінетін немесе Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды бөлшек және көтерме саудаға өткізу кезінде таңбаланбаған өнімді айналымнан алып тастап, міндетті таңбалау қажет.
Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінің негізгі мақсаты - еліміздегі тауар айналымын ашық ету.
Зергерлік бұйымдарды міндетті түрде таңбалауды енгізу дәрілік заттарды таңбалау кезіндегідей кезең-кезеңмен емес, бір реттік болады.
Индустрия және құрылыс министрлігі өкілдерінің айтуынша, бүгінде таңбаланбаған зергерлік бұйымдардың қалдықтарын сатуға рұқсат етілген және оларды сатуға әзірге айыппұл салынбайды. Дегенмен Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуді жоспарлап отырғанын ескерген жөн. Түзетулер шағын, орта және ірі бизнеске қатысты болады.
Цифрлық таңбалау жүйесі және тауарларды қадағалау туралы толық ақпарат алу үшін 8 800 080 6565 телефоны бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы жұмыс істейді.
Айжанат Бақытқызы