Сақшылар отбасы бақыт құпиясымен бөлісті
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Бұл мерекенің мақсаты қоғамның іргетасы болып саналатын отбасын дәріптеу, адами құндылықтарды насихаттау екені даусыз. Қоғамдағы ең жауапты, күні-түні жұмыс істеуді қажет ететін полиция органдарында қызмет істейтін ерлі-зайыпты Абзал Құрманов пен жұбайы Салтанат Кабимоллаева бала тәрбиесі мен жанұяда бақытты болудың қыр-сырымен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Адамның жеке басының құндылықтары – бойындағы адамгершілік, әділеттілік, ізеттілік сияқты қасиеттер жанұяда қалыптасады. Отбасы - жанұядағы балалардың қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама беретін маңызды орта.
Шемонайха аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Абзал Құрманов пен полиция бөлімінде инспектор болып істейтін жұбайы Салтанат Кабимоллаева екеуі үш бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
Абзал Абайдың кіндік қаны тамған жері – Қарауылдың тумасы. Әулетте атасының жолын қуып, құқық қорғау органында қызмет ететін жалғыз немересі. Ол кісі кезінде бас бостандығынан айырылғандардың мекемесін басқарған, өмірден ерте озыпты.
Інжу мен Аяла есімді қыздары, Ислам деген ұлы бар. Қазіргі мақсаттары - балалардың ой-санасын, өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастырып, не нәрсеге асық, не нәрседен қашық болуға бағдар беру екенін айтады. Отағасының ойынша, ата-ана мен бала арасында сенім, түсіністік болу үшін олармен үнемі сөйлесіп, пікірлерін тыңдап, қажет болса, ақыл беріп отырған дұрыс. Балалары ата мен әже тәрбиесін де көріп, өсіп келеді. Сәбит аталары тарих туралы, шежіре, шығу тектері жайында қызықты әңгімелеп береді, апалары үй тапсырмасын орындауды қадағалап, көмектеседі.
Құрмановтар отбасындағы бақыттың басты құпиясы – барлық шешімді бірлесіп қабылдайды, анасы мен әкесі балалары алдында бір-бірінің беделін көтеріп отырады.
Абзалдың өзі бала кезінен бокспен айналысқан, спорт шеберлігіне үміткер, Астанадағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі. Содан болар, үш баласы да спортқа жақын. Қыздары көркем гимнастикадан қазірдің өзінде жүлделі орындардан көрініп жүрсе, Исламның бокспен айналысқанына көп болмапты.
Абзал мен Салтанат балаларымен көп уақыт өткізуге тырысады.