«Төр Алтай жырлайды» фестивалі төртінші рет өтті
Дәстүрлі үрдіске айналған «Төр Алтай жырлайды» поэзия фестивалі биыл жерлес ақын Ұлықбек Есдәулеттің 70 жылдық мерейтойына арналды. Жыр кешіне жиналған қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қалаға саяхат жасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің мерейлі жасына орай өткен жыр кешіне 20 ақын қатысып, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Өскемендегі өлең тойына еліміздің әр түкпірінен келген қаймана қазаққа белгілі қаламгерлер де қатысты.
Шығыс шаһарына ат басын тіреген шайырлардың қатарында ақын Маралтай Райымбеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлес ақын Гүлнар Салықбай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқаман Сарин және жазушы, Жүргенов атындағы Өнер академиясының доценті, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров бар.
Осылай Алтайдың ақындары арқа-жарқы жыр кешін өткізіп, Өскеменде өлең отын маздатты. Жыр кешіне қатысқан ақындарға бір реттік ақшалай сыйақы табысталып, марапатталды.
Ал жерлес ақын Ұлықбек Есдәулетовтің тойы енді туған жері Зайсан ауданында жалғасын таппақ.