Өрт сөндірушілеріміз үздіктер қатарынан көрінді
Шығысқазақстандық өрт сөндірушілер республикалық жарыстың жүлдегерлері атанды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шымкент қаласының Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионында өрт сөндіру-құтқару спортынан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогы үшін VII турнирдің үшінші кезеңі өткен болатын.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, төрт күнге созылған жарысқа қатысқан шығысқазақстандық ерлер құрамасы екі сайыста жүлдеге ілікті. Атап айтсақ, алдымен 4х100м өрт эстафетасында бақ сынаған жерлестеріміз жарыс жолын 59,33 секундта жүгіріп өтіп, күміс жүлде иегерлері атанды. Бұл сында біздің команданың алдын тек Астана қаласының құрамасы (58,69 секунд) орай алған-ды.
Сондай-ақ, шығысқазақстандық құтқарушылар өрт мотопомпасынан жауынгерлік қанат жаю сайысында да үздіктер қатарынан көріне білді. Бұл жарыста 28,32 секундқа тең нәтиже көрсеткен жерлестеріміз алдына Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының командаларын жіберіп, жүлделі үшінші орынға ие болды.