Ұлттық Банк жаңа алаяқтық схемалар пайда болғанын ескертеді
Фото: istockphoto.com
Қазақстан Ұлттық Банкі инвестиция саласына қатысы бар алаяқтық схемалар пайда болғанын ескертеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қаскөйлер түрлі сайттар мен мобильді қосымшаларды қолдан жасап, Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсының интерфейсін көшіріп жүр. Сондай-ақ лауазымды тұлғалардың суретін пайдаланып, салынған ақшаның қайтарылатынын немесе инвестиция арқылы жоғары табысқа кенелуге болатынын айтып уәде береді.
Сонымен қатар, азаматтарды көптеп тарту үшін алаяқтар өздерінің жалған сайттары мен мобильді қосымшаларын әлеуметтік желілер мен YouTube арқылы жарнамалайды.
Қазақстан Ұлттық Банкі жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтінін және телефон, электрондық пошта немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы жеке мәліметтерді сұратпайды.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ұлттық Банк қаражатты қайтарып беру туралы ақпаратты ұсынушы сайттарда алаяқтық әрекеттің айқын белгілері бар екенін қаперге алуыңызды сұрайды. Өйткені:
- Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, жеке тұлғалармен ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жүргізбейді;
- Қазақстан Республикасы азаматтарының активтерін инвестициялық басқаруға арналған өзекті лицензиялары бар ұйымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған.
Егер сіз немесе танысыңыз осындай қаскөйлердің арбауына тап болса, алаяқтық фактісі бойынша іс қозғау үшін құқық қорғау органына жүгінген дұрыс.