Банктердің мобильді қосымшаларында жаңа жүйе пайда болды. Қызметі қандай?
Елімізде «Suńqar» мезеттік төлемдер жүргізу жүйесі жұмыс істей бастады. «Suńqar» жүйесіне түрлі банктер қатысады. Бұл банктердің клиенттері Қазақстан бойынша өзара мезеттік төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ұлттық Банктің Шығыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Максим Дюсембаевтың айтуынша, бұл ретте жеке тұлғалар арасында ақша аудару үшін қарапайым да қолайлы сәйкестендіруші – мобильдік телефон нөмірі пайдаланылады, оны кез келген ақы төлеу көзі – төлем карточкасына, ағымдағы банктік шотқа, электрондық әмиянға байланыстыру қажет. «Suńqar» жүйесіндегі қызметтерді Қазақстан банктері өздерінің мобильдік қосымшалары немесе Интернет-банкинг жүйесі арқылы жүзеге асырады. Қазіргі уақытта мезеттік төлемдер жүйесі арқылы «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Altyn Bank» АҚ және «Еуразиялық Банк» АҚ қызмет көрсетеді.
- Биыл оннан аса екінші деңгейдегі банк жүйеге қосылуды жоспарлап отыр. Жаңа қызмет осы банктердің мобильдік қосымшаларында және қашықтан қызмет көрсету жүйелерінде өздерінің ішкі жоспарына сәйкес ақпараттық жүйелерінің пысықталуына қарай пайда болады,-дейді филиал директорының орынбасары.