KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Шығыс Қазақстанда жаңбырлатқыш құрылғылар шығарылады

13.08.2024, 20:07 288 Жанаргүл Мұқатай

Бұрын тек қана шетелден табылатын өнім өзіміздің облыста өндірілмек. Облыс диқандары, егіншілікпен айналысатын ірі шаруашылықтар Американыкі, ананыкі, мынаныкі деп қып-қызыл ақшаға шетелден сатып алып жатқан жаңбырлатқыш құрылғылар енді Өскеменде шығарылатын болады.

2021 жылы Астанада жаңбырлатқыш құрылғылар өндірісін ашқан «АDАМ» КТ күзден бастап шығыста да жаңбырлатқыш құрылғылар өндірісін жолға қоймақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

- Астанадағы біздің жаңбырлатқыш құрылғылар шығаратын зауыт бұрыңғы «Қазсельмаш» зауытының аумағында орналасқан. Қазіргі күні Өскеменнің жанындағы Казачье ауылында  жаңбырлатқыш құрылғылар өндірісін ашуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өндіріске қажетті құрал - жабдықтар толық сатылып алынды. Құрылғыларды өндіретін өзіміздің конструкторлық бюромыз, тәжірибелі мамандарымыз бар. Жаңбырлатқыштар осындай шетелдік құрылғылардан асып түспесе, кем түспейді. Сапасы жоғары. Жабдықтарға қажетті өнімдердің көпшілігі өзіміздің зауытта жасалынады, жинастырылмайды, жасалынады. Қазақстанда жасалған өнім!  Жаңбырлатқыш құрылғыны отандық өнім деп мақтанышпен сенімді түрде айта аламын. Болашақта өнімдеріміздегі «Қазақстандық құрамды» 92 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ауыл шаруашылығының әлеуеті аса жоғары біздің елімізде егіншілікке аса қажетті құрылғыларды өзіміздің отанымызда жасап шығарсақ, ақшамыз шетелге кетпей өзімізде қалса деген ниетпен бастадық осы жобаны, - дейді «АDАМ» КТ зауытының техникалық мәселелер жөніндегі бас директоры Дидар Бимолдин.

Зауыт мамандары тек қана машиналарды шығарып қана қоймай, оны жүргізуге қажетті қосалқы шаруаларды да өздері атқарып отыр. Су көздерінің жанына жаңбырлтақыштарға қажетті сорғы стансаларын орнату, құрылғыны орнатуды жобалау, жүйеге құбырлар тарту, машиналарға сервистік қызмет көрсету сияқты кешенді қызметтерді де зауыт мамандары бастан- аяқ өздері атқарады.
«АDАМ» КТ зауытының автоматты жаңбырлатқыш машинасы қазір Ұлан ауданы Ескі Азовое ауылының маңындағы «RAM AGRO» қожалығының егінжайында жұмыс істеп тұр.  Ұзындығы 603 метрлік жаңбырлатқыш құрылғы осы қожалықтың 114 гектар жоңышқа алқабын суғарып жатыр. Алқапқа люцерннің үш түрі егілген.

Алдағы уақытта аталған қожалық егіс алқабын ұлғайтып, тағы бес жаңбырлатқыш құрылғы сатып алмақ.
Қазіргі күні Привольное ауылындағы «Багратион» ШҚ егістігі де осы «АDАМ» КТ зауытының жаңбырлатқыш машинасымен суғарылып жатыр. Биыл шаруа қожалығы осы өндірушіден тағы да тоғыз машина сатып алуға тапсырыс берген.  Жалпы алғанда облыстағы 8000 гектар алқапқа осы машина қойылған.

Қазақстандық фермерлердің қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген отандық жаңбырлатқыштар  кез-келген көлемдегі егістікті суғару тиімділігін арттырып, қуаңшылыққа, су тапшылығына қарамастан түсімді бірнеше есеге дейін көбейтуге мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу