KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Әке жолын жалғаған шекарашы

19.08.2024, 10:52 276

Шекара қызметінде жоғары білімді, сайдың тасындай іріктелген сақшылар өте көп. Бүгін біз оқырманға сол мықтылардың қатарынан саналған майор Үшата Жасұлан Ерназарұлы туралы баян етпекпіз.

 Жасұлан 1993 жылдың 7 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылында дүниеге келген. Ол – үйдің кенжесі. Оның алдында Толғанай және Жансая деген әпкелері бар. Әкесі Әуелбеков Ерназар Үшатаұлы Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі болып қызмет атқарған. Әскери шені – прапорщик.  Анасы Әуелбекова Ұлбосын Бегалықызының әкесі де әскери адам. Жасұлан кішкентайынан әкесін үлгі тұтып өсті. Оның әскери киіміне қызығатын.

– Қазығұрт ауданы мен Шымкент қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде бөлім бастығы лауазымында қызмет атқарған әкем кішкентай кезімде саптық жүрістер мен саптық әдістерді маған үнемі үйрететін. Әкем өте жайдары адам болды. Әрдайым көңілді жүретін, барлығының көңілін таба білетін асыл азамат еді. Өз уақытын аямайтын, өзгенің уақытын аялайтын, жаны жайсаң, жомарт жан болған, – деп еске алды Жасұлан бізге берген сұхбатында.

Осындай ардақты әкенің тәрбиесін көріп өскен Жасұлан да текті атаның атына кір келтірмеуді берік ұстанған және сол асыл мұратынан айнымай келеді.

1999 жылы мектеп табалдырығын аттаған кейіпкеріміз Болашақ мектеп-гимназиясында 4-сыныпқа дейін оқып, әкесінің қызмет  ауыстыруына байланысты Тоғыс ауылына қоныс аударған. Сол жерде Б.Момышұлы атындағы №18 мектепке қабылданып, 11-сыныпты осы оқу орнынан бітірген. Өкініштісі әкесі жол апатынан қаза тауып, отбасының жағдайы күрт қиындап кетеді. Әйтсе де анасы өзінің жастығына қарамастан қолынан келген жұмысты істеп, тынбай еңбектеніп балаларын ешкімнен кем қылмай өсіріп, жеткізеді.

Жасұланның айтуына қарағанда, мектепті бітірер кезде оның алдында «қандай мамандық иесі боламын?» деген үлкен сұрақ тұрған. Сол кезде нағашы ағасы Алматыда ҰҚК-нің Әскери институты (қазіргі ҰҚК Шекара академиясы) бар екенін  айтқан. Жастайынан әскери өмірді көріп өскен бозбала әке жолын жалғауға бел буып, аталған оқу орнына түсуге мықтап дайындалады. Нәтижесінде ҰБТ-дан 92 балл жинап сол кездегі  Әскери институтқа оқуға түскен. Осылайша оның әскери өмірі 2010 жылдың жазында Алматы қаласының Қараой полигонында басталған.

Сол бір кезді Жасұлан Ерназарұлы былайша еске алады:

«Әлі көз алдымда, қалай анаммен қоштасып полигонға қарай кетіп бара жатқаным. Бірінші оқу дивизионы, 122-ші оқу заставасының курсанты атандым. Сол жылдың 5 қыркүйегінде әскери ант қабылдадым. Оқу заставамыздың бастығы аға лейтенант Еркінбеков (2019 жылы қаза тапты) болды. Кейін бұл қызмет лейтенант Азамат Бимановқа жүктелді. Ал дивизион командирі подполковник Мансұр Алиев деген өте білікті офицер болды. Мен өзім әу бастан қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Курсант Азамат Құмаровпен бірге жұп құрып Шекара академиясының іс-шараларында әуелете ән шырқаушы едік. Сонымен қатар, бірінші оқу дивизионның көңілділер мен тапқырлар клубының командасында ойнап, өз өнерімді ортаға салдым. Осылайша оқу оқып, әскери қызметке машықтанып, арасында ойнап-күліп жүргенде төрт жылдың қалай зу етіп өтіп кеткенін білмей қалдық.

 2014 жылдың жазында мен қос жұлдызды иығыма қондырып лейтенант атандым. Алғашқы қызмет жолымды «Шығыс» өңірлік басқармасының 2089 әскери бөліміне қарасты «Достық» жеке-бақылау өткізу пункітінің автокөлік бақылау-өткізу пункітінде аға бақылаушы болып бастадым. Бұл жердің табиғаты өте ерекше, әрдайым жел соғып тұрады. Осы әскери бөлімде 2014-2016 жылдар аралығында қызмет атқардым. Қызмет барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Айталық, бірде мемлекеттік шекара режимін бұзушыларды ұстадық, сол сияқты Қазақстаннан шығуға рұқсаты жоқ тұлғаларды ұстаған жағдайлар да болды. Академияда алған білімімізді осы әскери бөлімде жүргенде тәжірибеде қолдана білдік»

2016 жылдың наурыз айында Күршім шекара отряды Төсқайың шекара бөлімінің офицері болып тағайындалған әріптесіміз аталмыш   шекара бөлімінде қызметте жүргенде болашақ жұбайы Ардақпен танысады. Шекарашы жігіт те қылықты қыздың көңілінен шығады. Сөйтіп қос ғашық шаңырақ көтереді. Ардақтың мамандығы – педагог, оның ішінде математика пәнінің мұғалімі. Шымкент педагогикалық университетінде оқыған.

Әскери саланың ыстығы мен суығына төзіп үйренген әскери қызметшілер бұйрық қайда жіберсе сонда баратынын біледі. Осыны ескерген шекарашы офицер 2017 жылы Күршім ауданы бойынша Шекара басқармасының Төсқайың шекара бөліміне қарасты Көкжота шекара бөлімшесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне кіріседі. Шекара бөлімшесінің орналасқан жері таулы, қыратты жер болғандықтан бұл өлкенің қысы тым қатал, қары қалың, аязы қатты. 

Майор Жасұлан Ерназарұлы Көкжота шекара бөлімшесінде жүріп бірнеше рет шекара режимін бұзушыларды құрықтап, басшылықтың назарына іліккен болатын. Соның арқасында 2017 жылы ол қызмет атқаратын бөлімше «Үздік шекара бөлімшесі» номнациясына ие болады. 2018 жылы білімін жетілдіріп, шеберлігін шыңдай түскен Жасұлан көп ұзамай бөлімше бастығы лауазымына тағайындалды.

Көкжота шекара бөлімшесінде шекарашы офицердің Айша атты қызы мен Ибраһим атты ұлы дүниеге келеді.

Басшылық лауазымға тағайындалған ол шекара күзетінде тиянақты еңбек етіп, 2018-2022 жылдар аралығында бөлімшені үздіктер қатарына қосады. Бөлімшедегі техниктер үздіктер қатарынан танылып Жасұлан Ерназарұлының қызметтегі мәртебесі өседі. Лауазымы жоғарылайды. Сөйтіп кезінде бөлім бастығының орынбасары болып бастаған Төсқайың шекара бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалады. Осындай жауапты лауазымда он жылға жуық қызмет атқарған ол шекара бөлімшесі, бөлімі және бақылау бекетінде жауапты қызметтер атқарады. Кейін анасының жалғыз болуына байланысты қалалық жерге ауысып, қызметін одан әрі жалғастырады.

2023 жылы кейіпкеріміз Зайсан ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстарының аға офицері лауазымына ауысады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік тәрбиеші офицері» атағына ие болған ол жауапты қызметті абыроймен атқарып келеді.

Ғ.Бакетов,

Шекара қызметінің майоры

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу