Медициналық мекемелер бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланған – ШҚО
фото: depositphotos.com
ШҚО-дағы кейбір медициналық мекемелер бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған. Бұл деректер ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген сыртқы талдауы барысында анықталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Талдау барысында медициналық техниканы сатып алу, оны пайдалану және оның халық үшін қолжетімділігі, медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қоры, медициналық мекемелер ғимараттарының құрылыс жұмыстары зерделенді.
Нәтижесінде медициналық қызметтердің сапасына теріс әсер ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Талдау қорытындысы бойынша берілген ұсынымдар бүгінде толық орындалған.
Мәселен, кепілдік мерзімдері бар медициналық жабдықтарға қызмет көрсету бойынша медициналық ұйымдар қосымша шарт жасасқаны анықталды. Сондай-ақ дәрілер мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіміне енбеген және елімізде қолдануға болмайтын медициналық жабдықты балансқа қабылдау фактілері анықталды.
Медициналық мекемелердің медициналық жабдықты сатып алуы кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында денсаулық сақтау басқармасы сатып алу құнын келісу бойынша алгоритмін әзірледі.
Сондай-ақ кредиторлық берешегі бар медициналық мекемелердің өз персоналына негізсіз сыйақы беру фактілері анықталды. Мұндай жағдайда сыйақы төлеу – бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану.
Денсаулық сақтау басқармасына бағынысты медициналық мекемелердің бірқатар лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапқа тартылды.