Ауруханалар ескірген медициналық құрал-жабдықтар сатып алған – ШҚО
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Денис Шакенов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі денсаулық сақтау саласындағы бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап отыр.
Мысалы, облыстың бірқатар медициналық мекемесі жаңа медициналық жабдықтардың орнына ескісін алған. Медициналық техникаға қойылатын нормативтік талаптарға сай олар жаңа, пайдаланылмаған болуға тиіс және жеткізу сәтіне дейінгі 24 ай ішінде өндірілуге тиіс.
Алайда, Өскемендегі Ана мен бала орталығы және ШҚ облыстық ауруханасы аталған талаптарға сәйкес келмейтін жабдықтар алған. Мұндай жабдықты қабылдау оның дұрыс жұмыс істемеуіне, ерте тозуына, техникалық ескіруіне әкелуі әбден мүмкін.