KZ
Өскемен
-13°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Ботай мәдениеті туралы жазған дат жазушысы Шығысқа келді

28.08.2024, 17:40 122 Айжанат Бақытқызы

Өскеменде жас зерттеуші, талантты дат жазушысы Леонора ван Деурспен кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дарынды жазушы Леонора ван Деурс небәрі 20 жасында тарихи-фэнтези жанрында роман жазып шықты. Оған түрткі болған – «Жылқы тарихы» деректі фильмі екен. Ұлы даланың тарихи мұрасы туралы көркем кітап Данияда жарық көрді.

«Ботай – следы теней» («BOTAI – SHADOWPATH») кітабы мазмұны мен стилі жағынан әр түрлі жастағы оқырмандарға арналған. Автор кітапты 15 - 18 жас аралығында жазғандықтан, ол жастардың қызығушылықтары мен толғаныстарын жақсы түсінеді. Шытырман оқиғалалар, достық, өзін-өзі тану және қиындықтарды жеңу туралы әңгімелер жас оқырмандарға жақын әрі түсінікті жазылған.

Автордың айтуынша, кітап Ботай тайпасы туралы мұқият зерттеулерге негізделген және әйгілі ДНК зерттеушісі, профессор Эске Виллерслевтің тұжырымдамасын қамтиды. Ежелгі өркениеттер мен тарихқа қызығушылық танытқандар кітаптан көптеген қызықты және танымдық мәліметтерді таба алады.

Кітаптың сюжеті «минври» қарғысы, сиқырлы тастарды іздеу және эпикалық саяхаттар сияқты шытырман оқиға мен қиялдың элементтерін қамтиды. Сондықтан шығарма қиял-ғажайып және шытырман оқиға жанкүйерлерін де бей-жай қалдырмасы анық.

Сондай-ақ кітапта Ботай тайпасының тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және өзге халықтармен қарым-қатынасы шебер сипатталғандықтан, шығарма мектептер мен университеттер үшін ежелгі халықтар тарихы, мәдениеттану бойынша оқу материалы ретінде де пайдалы.

«Кітап жазуыма қазақстандық зерттеуші Нұрбол Баймұхановтың «Жылқы тарихы» деректі фильмі әсер етті. Ұлы даланың адамзаттың дамуына қаншалықты әсер еткені жайлы еуропалықтар, Дания жастары да білсе екен дедім. Сондықтан еуропалық оқырманды Ботай мәдениетімен таныстыру мен үшін маңызды. Әрине, адамның одан әрі дамуында жылқының қолға үйретілуі үлкен рөл атқарды. Адамдар көшіп-қону мүмкіндігіне ие болды, бұл өз кезегінде көшпелі өмір салтына әсер етті. Кітабымды алдағы уақытта қазақ, орыс тілдеріне аударып, шығару жоспарымда бар. Қазақстандықтардың бізді ашық-жарқын қабылдап, қонақжайлығын көрсетіп жатқанына алғысымыз шексіз»,- деді кітап авторы.

Айтуынша, алдағы екі аптада Шығыс және Солтүстік Қазақстан мен Алматы өңірлерін араламақ.

Кездесу барысында ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев бұл кітаптың әлемде Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеуді танымал етуде маңызды екендігін атап өтіп, аймақ басшылығының атынан меймандарға алғысын айты.

Айта кетсек, Леонора ван Деурс Қазақстанның көрікті жерлерімен  танысу және шығармашылық жұмысына ақпарат жинау мақсатындағы сапарына ата-анасымен бірге келді. Жас жазушының алдағы уақытта романның жалғасын жазу жоспары бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу