KZ
Өскемен
-18°
пасмурно жел 1 м/с, С
505.71 591.43 6.65

Өскемендік жанкүйерлер күміс кубокты «Торпедоны» әуежайдан қарсы алды

19.01.2026, 16:30 298 Даурен Аллабергенұлы

Бұған дейін жазғанымыздай, Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы өз тарихында тұңғыш рет 2026 жылғы IIHF Құрлықтық кубогінде күміс жүлдеге қол жеткізді. Жерлес команда 2025-2026 жылғы маусымның финалдық кезеңін Англияның Ноттингем қаласында өткізіп, халықаралық аренада жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ал бір сағат бұрын өскемендік хоккейшілер облыс орталығына ұшып келді. Оларды Өскемен әуежайында жанкүйерлері салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Еске салсақ, аталған турнирдің шешуші ойындарында өскемендік хоккейшілер шеберлік пен жігердің нағыз үлгісін танытты. «Торпедо» Данияның «Хернинг Блю Фокс» командасын 6:2 есебімен айқын басымдықпен жеңсе, Францияның «Дюк д’Анже» клубымен болған тартысты кездесуде овертаймда ғана 2:3 есебімен есе жіберді. Алайда, бұл жағдай ақтық сәтте өнер көрсетуге еш кедергі бола алған жоқ.

Ал алтын жүлде үшін өткен финалда қазақстандық клуб жарыс қожайындары – Ұлыбританияның «Ноттингем Пантерз» командасымен мұз айдынында жолықты. Тартысқа толы ойын 4:2 есебімен британдық ұжымның пайдасына аяқталды. Осылайша, «Торпедо» турнир қорытындысы бойынша Құрлықтық кубоктың күміс жүлдесін иеленді.

– Құрлықтық кубоктан Өскеменге енді ғана оралып жатырмыз. Шыны керек өте тартысты кездесулер болды. Өздеріңіз бастан-аяқ қолдау білдіріп, қарап отырғандарыңыздай, қатарынан үш ойын өткіздік. Оның үстіне бес сағат уақыт айырмашылығы бар, ұшақта ұзақ уақыт болу да физикалық тұрғыдан ауыр тиді ойыншыларға. Бұған қоса бұл жарысқа команданың жартысы қатысқан жоқ. Кейбір ойыншылардың алғашқы үлкен жарысы дегендей. Соның барлығы жиналып келіп, финалдық кездесуде жоспарлағандай ойын өрнегін көрсетуге, алтынды «жұлып әкетуге» сәл мүмкіндік бермеді. Бірақ, соған қарамастан клуб жақсы ойын көрсетті, екінші орынды жеңіп алды. Барлық жанкүйерлерімізді құттықтаймын. Енді алға нақты мақсаттар қоя аламыз, – деді «Торпедо» хоккей клубының бас бапкері Андрей Корабейников.

Бас бапкердің айтуынша, команданың алдында енді осы жылда Қазақстан чемпионатында топ жару және келесі жылы Құрлықтық додаға қайта қатысып, осы жолы кеткен есені қайтарып, алтын кубокты жеңіп алу мақсаты тұр.     
Айта кетейік, бұл нәтиже – клуб тарихындағы Құрлықтық кубоктағы ең жоғары жетістік. Бұған дейін өскемендік команда 2007-2008 жылғы маусымда қола жүлдеге қол жеткізген еді.

– Қалай дегенмен, еуропалық командалардың бізден бір бас жоғары тұрғанын ашық айтуымыз қажет. Оларда әлемдік хоккейді дамытқан мемлекеттердің өкілдері – канадалықтар, американдықтар, финдіктер, шведтіктер өте көп. Өзімізбен салыстырсақ, олардың дайындығы, жылдамдығы, алаңдағы ойын тактикасы мүлдем бөлек. Біз тек қарсыластар ойындарының бейнетаспаларын көріп қана дайындалдық. Ал айдынға шыққанда мүлде басқаша жағдай екенін сезіндік. Кем дегенде, жарыс алдында бір-екі рет жолдастық кездесу өткізгенде нәтиже жақсырақ болар ма еді. Қалай десек те, олардың жылдамдығынан еш қалыспауымыз қажет. Ал басқа көрсеткіштерге келер болсақ, ойыншылар сауатты ойнап, есе жіберген жоқ, – деді Андрей Викторович.    

Құрлықтық кубоктағы күміс медаль тек «Торпедо» клубы үшін ғана емес, жалпы қазақстандық хоккей үшін де зор маңызға ие. Бұл жетістік отандық клубтардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті екенін айқындайтын нақты көрсеткіш.

– Кубок жарысынан жақсы әсермен оралдық. Қарсылас командалардың жоғары деңгейін көріп, өзімізбен салыстыруға, тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік алдық. Қанша айтқанмен, басқа құрлық, басқа менталитет қой. Финалдық кездесуде стадионға халық лық тола жиналды. Жергілікті командаға үлкен қолдау көрсетіп, футбол матчтарындағы сияқты айғайға басып, әндетіп, шуылдады. Сол бізге үлкен кедергі келтіріп, дер кезінде бір-біріміздің сөздерімізді ести алмай қалдық. Одан бөлек, қатарынан болған үш ойында өз салдарын тигізді. Дегенмен, еңсемізді тіктеп лайықты ойын көрсеттік. Жеңісті күндер әлі алдымызда, – деді «Торпедо» хоккей клубының қақпашысы Владислав Пестов.

Қоса кетсек, «Торпедо» командасының қақпашысы Владислав Пестов осы Континенталдық кубокта финалдық сериядағы голкиперлер рейтингінде көш бастап, «Үздік ойыншы» деп танылды. Ол барлық үш матчқа да қатысып, өз қақпасына бағытталған соққылардың 93,4 пайызын кері қайтарып, ерекше көзге түсті.

Өз кезегінде ойыншылар қала тұрғындарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, бұл нәтиже Pro Hokei Ligasy Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңіне дайындықтың маңызды сатысы екенін атап өтті. Команда бірден тұрақты чемпионат ойындарына дайындықты бастайды. «Торпедо» келесі ойындарын үйде, 21-22 қаңтар күндері петропавлдық «Құлагерге» қарсы өткізеді.



Видео: Евгений Щетников
Фото: Артём Жигулин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу