«Торпедо» үздік бестіктің қатарында
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті турында қонақта ижевскілік «Ижстальмен» шеберлік байқасқан «Торпедо» 3:1 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі алғашқы бестіктің қатарына енді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізге салайық, осыдан бірер күн бұрын Пермь қаласында жергілікті «Молот-Прикамьеден» 2:1 есебімен басым түскен өскемендік ұжым бірден төрт сатыға жоғарылап, алтыншы орынға тұрақтаған болатын.
Ал бұл жолғы кездесуде «Торпедоға» жеңісті қорғаушы Андрей Виноградов пен шабуылшылар Никита Куракин және Денис Игнашин әперді. Қорытынды есеп 3:1!
Осы жеңісінен кейін 22 ұпай жинаған «Торпедо», жоғарыда айтқандай турнир кестесінде бесінші орынға табан тіреді. Ертең өскемендік команда Татарстанның Альметьевск қаласында жергілікті «Нефтяникпен» кездеседі. Бұл ойын кешкі сағат 21:30-да басталуы тиіс.