Тірек мектеп: Марқакөлдегі білім ошағы жаңартылды
Күршім ауданына қарсты Марқакөл ауылының № 1 орта мектебінде "Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту" жобасының аралық қорытындылары таныстырылды.
Бұл жоба білім беру сапасын арттыруға, үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мектеп директоры Жарқын Үркімбаевтың айтуынша, аталмыш мектеп соңғы 15 жылда алғаш рет ірі көлемде жаңартылып отыр.
Бүгінгі таңда "Білім беруді тұрақты дамыту қоры" мен "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ мамандары мектептегі білім беру мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстарды аяқтады. Сарапшылар мектепті тірек ретінде дамыту бойынша ұсыныстар қалыптастырып, мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары анықталды.
Мектепте 26 оқу кабинеті, STEM зертхана және телестудия жабдықталған. Спорт және акт залдарына 250 млн теңгеге жуық қаржыландыруды "Қазақстан Халқына" қоры жүзеге асырған. Beeline Kazakhstan компаниясы жобаның демеушісі болды.
Жоба қазір Қазақстанның 17 облысын қамтиды.
- Біздің Қор тірек мектептерді дамытумен айналысады. Бүгінгі таңда жоба Қазақстанның 17 облысын, 13 мыңға жуық бала мен 2 мыңға жуық мұғалімді қамитды. Сондай – ақ, оқыту бағдарламасын "НЗМ" ДББҰ жобасының серіктесі өтеусіз негізде жүргізетінін, барлық операциялық және әкімшілік шығыстарды жоба операторы – ФУРО AITAS холдингінің демеушілік қаражаты есебінен өзіне алатынын атап өткім келеді", - дейді білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Қазір аталмыш мектептегі оқушыларда да оқуға деген ерекше ынта пайда болған.