Елімізде кітапханаларға барушылар саны 5 жарым миллионнан асты
Қазақстан кітапханаларына ел бойынша миллиондаған оқырман келіп, кітап оқуға деген қызығушылықтың арта түскені байқалады. Қазіргі таңда республикада жалпы қоры 72,5 млн-нан астам сақтау бірлігі бар 3 887 қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Жыл ішінде оқырмандарға түрлі тақырыптағы 88 млн-нан астам материал ұсынылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылмен салыстырғанда былтыр тұрақты пайдаланушылар саны 4,1 пайызға өсіп, 5 539 969 адамға жетті.
Кітапханалық қызметке жүгіну көрсеткіші рекордтық деңгейге жетіп, бір жыл ішінде келушілер саны 57 млн рет тіркелді. Сонымен қатар мерзімді басылымдарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, бір жыл ішінде ҚР Ұлттық кітапханасына газет-журналдар бойынша 1 млн-нан астам сұраныс түскен.
Кітапханаларға ең көп келушілер – жастар. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада оқырмандардың басым бөлігін 17-25 жас аралығындағы жастар құрайды. Одан кейін 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер келеді. Сұранысқа ие әдебиеттер қатарында көркем шығармалар, тарих пен этнографияға арналған еңбектер, ғылыми-көпшілік, психологиялық және медициналық кітаптар, сондай-ақ жаңа технологиялар туралы басылымдар бар.
Кітапханалар тек оқырмандарға қызмет көрсетумен шектелмей, мәдени өмірдің маңызды орталығына айналуда. Бір жыл ішінде еліміздегі кітапханаларда 258 мыңнан астам мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылған.
Сонымен қатар инфрақұрылымды жетілдіру және цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде. ҚР Ұлттық кітапханасында электронды ресурстардың қолжетімділігін арттыру мақсатында интерфейс жаңартылды. Ұлттық академиялық кітапхана «Air Astana» әуе компаниясымен бірлесіп «Әуе қанатында» жобасын іске асырды. Ал Шығыс Қазақстан облысында кітапханашылардың жұмысын оңтайландыру үшін «DosAI» нейроассистенті алғаш рет енгізілді.