KZ
Өскемен
-11°
туман жел 1 м/с, С
503.9 603.32 6.61

Шымкентте университет 200 мың теңгелік креслоны 20 млн теңгеге «сатып» алған

19.01.2026, 11:00 762 Төлеуғазы Жансая

Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде бюджет қаржысын талан-таражға салу дерегі әшкереленді. Еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде анықталған қаржылық заңбұзушылықтар бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тергеу барысында қоғамды елең еткізген дерек те белгілі болды. Нарықтағы құны 200 мың теңгеден аспайтын бір кресло университет құжаттарында 20 млн теңгеге сатып алынған болып көрсетілген. Бұл – сатып алу жүйесіндегі өрескел заңбұзушылықтың нақты мысалы.

Нақты тауар жеткізілмегенін жасыру үшін күдіктілер ескі, тозығы жеткен мүлікті формалды түрде есептен шығарып, оны іс жүзінде пайдалануды жалғастырған. Ал есептен шығарылған мүліктің орнына келуге тиіс жаңа тауарлар университетке мүлде жеткізілмеген.

– Университеттің бұрынғы бірінші проректоры, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ бірқатар мердігер ұйымның басшылары күдікті ретінде танылған. Күдіктілер мемлекеттік сатып алу арқылы тауарларды шын мәнінде жеткізбеген немесе бағасын қолдан қымбаттатып, жалған шарттар жасаған. Ал бюджеттен бөлінген қаржы байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың есепшоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, өзара бөліске салынған,- делінген ресми хабарламада.

Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Тергеу кезінде күдіктілер 264 млн теңгені өз еркімен өтеген. Сот санкциясымен күдіктілердің 4 тұрғын үйіне, 1 автокөлігіне және банктік шоттарындағы 40 млн теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Енді бұл іске құқықтық бағаны сот береді.


Фото: Жедел видео кескіндемесі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу