Жекеменшік мектептерге қойылатын талаптар күшейеді – Оқу-ағарту министрі
Елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Жеке мектептер құрылтайшыларының және директорларының қатысуымен өткен кездесуде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова алдағы уақытта жеке мектептер тек нақты қажеттілік бар өңірлерде ғана ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Лицензия үш ауысымды мектептерді, апатты жағдайда тұрған білім беру ұйымдарын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін аймақтарға ғана беріледі.
Сонымен қатар жеке мектептер құрылтайшыларының жауапкершілігі заң аясында күшейтіледі. Олар білім сапасына, педагогтердің біліктілігіне және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей жауапты болады. Бұдан бөлек, мектеп директорларын тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді директорларды бұрынғыдай тек құрылтайшылар өз бетінше тағайындай алмайды. Бұл шешім салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімімен қабылданады.
Қазіргі таңда еліміздегі 785 жеке мектептің құжаттары толықтай цифрландырылған. Жалпы лицензиясы бар жеке мектептер саны – 890. Сондай-ақ Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий жариялауды жоспарлап отыр.
Жаңа талаптар жеке білім беру ұйымдарының жұмысын жүйелеп, сапалы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.