KZ
Өскемен
-15°
туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Өскемендегі инженерлік желілерде туындаған мәселе жедел шешімін тапты

19.01.2026, 17:45 148 Айдос Мырзахметов

Қылышын сүйрете жетер қыстың қаһары қос бүйірден қысқан кезде тас пен темірден жасалған коммуналдық инфрақұрылым жүйесіне түсетін жүктеме айтарлықтай артатыны ақиқат. Жыл өткен сайын беріктігі сыналар ескі инженерлік желілер үшін бұл кезеңнің салмағы ауыр. Күні кеше Өскемен қаласында Целинная көшесіндегі №2 үй маңында, Мирный кентіндегі 1964 жылы салынған диаметрі 400 миллиметрлік болат су құбырында жарылыс болды. Жауапты қызметтердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында су беру қызметі қысқа мерзім ішінде толық қайта қалпына келтірілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Апат салдарынан су жолдың жүріс бөлігіне шығып, Целинная, 2 мекенжайындағы жеке тұрғын үйдің ауласын ішінара басты. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар суды тоқтатып, жер қазу жұмыстарына кірісті. Қысқа уақыт ішінде құбырдың зақымданған бөлігі толықтай ауыстырылды. Қалпына келтіру жұмыстарының барысын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзі барып бақылап көрді.

— Күн-түн демей еңбек етіп жүрген мамандарға алғысымды білдіремін. Бұл – 1964 жылы салынған, әбден тозығы жеткен құбыр. Қала аумағындағы мұндай желілер кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр, барлық жұмысты бір мезетте атқару мүмкін емес – бұл объективті жағдай. Әкімдік пен су арнасы қызметкерлері жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қай учаскелердің ең көп тозғаны белгілі, сол аумақтарда ауыстыру жұмыстары уақтылы жүргізілуде. Алдағы екі-үш жыл ішінде бұл жұмыстар толық аяқталады, — деді облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы.

Ең қатты аяз сенбі мен жексенбі күндеріне тұспа-тұс келіп, осы кезеңде қалада бірден екі жағдай тіркелді. Ал –38 градусқа дейін төмендеген ауа температурасы жөндеу жұмыстарын едәуір қиындатты.

— 19 қаңтар күні сағат 15:00-де Целинная көшесіндегі су құбыры қайта іске қосылып, барлық тұтынушыларға су беру толық қалпына келтірілді. Қазіргі таңда бұл аумақта да, жалпы қала бойынша да су тапшылығы жоқ. Сонымен қатар, Карбышев көшесіндегі №28 үй маңында орналасқан диаметрі 300 миллиметрлік су құбырындағы апат 19 қаңтар күні таңғы сағат 6:50-де толығымен жойылып, су беру қайта қамтамасыз етілді, — деді «Өскемен Су арнасы» бас инженері Андрей Алехнович.

Аймақ басшысы апатты жоюға қатысқан жұмысшылармен тілдесіп, жауапты органдарға оларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде атқарылған еңбек үшін қосымша үстемақы төлеу мәселесін қарастыруды тапсырды.


Фото: Жібек Нұрахмет 

Видео: Жәнібек Ырысбай 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу