KZ
Өскемен
снег жел 2 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Аягөздегі лицейдің шәкірттері «IQаnat» төрінде

8.12.2020, 09:47 306

Мектеп – білім берудегі бар мүмкіншілікті қамтамасыз ететін білім ошағы. Білім берушінің алдындағы басты назар аударатын негізгі міндеттердің бірі - дарынды балаларды анықтап, оларға адамгершілік қасиеттерді дамыту, шығармашылыққа үйрете отырып, терең біліммен қаруландыру. Осы мақсатта ҚР Білім және ғылым министрлігі және «IQanat білім беру қоры» қоғамдық қорының директоры А.Ж. Рахимбаевпен Аягөз ауданының білім бөлімінің басшысы Н.Т.Азимбаев білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында екі жыл бұрын меморандумға қол қойды.

«IQаnat» - ауыл мектептеріне арналған білім беру бағдарламасы. Осы орайда Нұрғали Тілекқалиұлының қолдауымен ауданымыздағы қала мектептерінің білім алушылары да қатысу мүмкіндігіне ие болды. «IQаnat білім қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған олимпиаданың негізгі мақсаты – ауылдық оқушыларды қолдау, олимпиада жеңімпаздары ҚР жоғары білім алу гранттарын және халықаралық гранттар мен шәкіртақылар алуын қамтамасыз ету. Осы мүмкіншіліктен «Қалалық қазақ мектеп - лицейі» КММ-ның білім алушылары қалыс қалмады. Мектебіміздің мақтаныштары Серікболова Диляра 2019 жылы ағылшын тілі пәні бойынша және Ерғазы Диас 2020 жылдың наурыз айында математика пәні бойынша олимпиада жеңімпаздары атанып, қазіргі таңда «Iqanat High School of Burabay» мектебінің 11-сыныбында білім алуда.

Мектебіміздің жеңімпазы Серікболова Диляраның сұхбатынан үзінді:

“Мен Серікболова Диляра, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы, «Қалалық қазақ мектеп-лицейі» КММ-нің 10-сыныбын аяқтадым. Қазіргі күні «Iqanat High School of Burabay» мектебінің 11-сынып оқушысымын. Бұл мектеп «Iqanat» білім беру қорының ауқымды жобаларының бірі. Мектеп бағдарламасы толығымен фин оқыту жүйесі негізінде құрылған, негізгі мақсаты - оқушыларды еліміздің ең үздік оқу орындары мен шетелдік оқу орындарына түсуіне қолдау көрсету. Ал мектепке қалай түскенім жайында айта кетсем, барлығы ең алғаш 9 сыныпта «Iqanat» жобасының ұйымдастырған олимпиадасына қатысуымнан басталды. Ағылшын тілін таңдап, 2 кезеңнен өттім. Республикалық кезеңге өтіп, 5 күн Назарбаев университетінде өткіздік. Осы кундері бізге жаңа мектеп концепциясымен таныстырған болатын. Барлық 3-кезеңге өткен оқушылар

ағылшын тілі және логикалық деңгей анықтау тесттерін тапсырды. Қорытындысы бойынша, мектепке түскенімді естігенде, әрине, өте қуанышты болдым. Енді, міне, жүзеге асырылған игі іс арқасында, алдымда улкен мүмкіндіктерге жол ашылды десем де болады. Оқуымызға қолайлы жағдай жасалып, сапалы білім алудамыз. Бізге улкен мүмкіндік сыйлаған демеушілерімізге, осы жетістігіме жетуіме септігін тигізген алғашқы мектебіме үлкен алғысымды білдіремін!”

Ерғазы Диастан алынған сұхбаттан үзінді. “Мен Ерғазы Диас Ерғазыұлы, IQanat туралы ең алғаш 8 сыныпта танысқан болатынмын. Қатты қызығатынмын. Сөйтіп 9-сыныпта анамның айтуымен IQanat олимпиадасына тіркелген болатынмын.

1-ші турынан сүрінбей өттім. Қатты қуандым.

2-ші туры карантин кесіренен болмай қала ма екен деп аздап қорыққан да болатынмын. Бірақ арнайы карантин талаптарына сай өткізіліп, түрлі сыйлықтар берген болатын: футболка, арнайы бөтелке, қалам және де сертификат. 2-ші турдан да сүрінбей өттім. Бірақ қиыншылықтар болды.

Сөйтіп 2-ші тур жеңімпаздарын watsapp желісінен бір топқа жинады. Ол топта «IQanat high school of Burabai» мектебі жайлы толықтай түсіндірді. Ол мектепке өту үшін арнайы тест тапсыру керек екендігін және де тест математика мен ағылшын пәндерінен болатынын айтты.

Шілде айының аяғында мектепке түсу үшін тест сынағы өткізілді. 25-шілде сағат 11:00де тест сынағы басталды. Арнайы веб-камерамен және микрофонмен өтті. Сәтті тапсырдым. Біраз күн өткен соң, шамамен тамыз айының ортасында, грант иегерлерінің тізімін жіберген болатын. Ақырын ашып көріп, өз атымды іздей бастадым. Өз атымды көргенде қуанышымда шек болмады. Тіпті, сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Қазір міне, барлық грант иегерлері бір лагерьде жиналып, карантин режимінен бірге шықтық. Мектепке қарай бет алғалы отырмыз.

Осындай үлкен жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын! Мені 9 жыл білім нәрімен сусындатқан «Аягөз қалалық қазақ мектеп - лицейінің» ұстаздарына үлкен-үлкен алғысымды білдіремін!”

ІQanat» - бұл жоғарғы сынып оқушыларына арналған шетел және қазақстандық жоғарғы оқу орындарында ақысыз оқуға үміткер болуға үлкен мүмкіндік сыйлайтын маңызды бастама. Елбасының үмітін ақтайтын, еліміздің елдігін сақтайтын білімді жастарымыз «IQanat» олимпиадасы арқылы биік белестерді бағындырарына кәміл сенеміз.

Керимбаева Жанар Рахымқызы,

директордың ғылыми істер жөніндегі орынбасары

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу