Ішімдікке салынған ана. Үйдегі кішкентай үш қызды полиция алып кетті
Өткен 2020 жылдың желтоқсан айында Бесқарағай аудандық ювеналды полиция қызметкерлері 2,6 және 8 жастағы қыздары бар 33 жастағы аудан тұрғынының тұрмыстық жағдайын тексерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Тексеру кезінде балаларға жағдай жасалмағаны анықталды. Анығырақ айтқанда, үй өте суық, балалар тамақтанатын азық-түлік жоқ, тазалық деңгейі де өте төмен дәрежеде, - дейді Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғат Темірбеков.
Көршілердің айтуынша, аналары ішеді, соңғы уақыттары мүлдем шектен шығып кеткен. Ал, енді бойжетіп келе жатқан қыздар үшін бұл үйде қалу өте қауіпті.
- Сондықтан юневалды полиция қызметкерлері Бесқарағай аудандық қорғаншылық және қамқоршылық бөлімімен бірлесіп балаларды үйден оқшаулау туралы шешім шығарды. 6 және 8 жастағы үлкен қыздарды Семейдегі кәмілетке толмағандарды бейімдеу орталығына жібердік. 2 жасар қыз Семей қаласында орналасқан балалар үйіне тапсырылды. Қазіргі таңда балалармен дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Олардың жағдайлары жақсы, - деп қоса кетті Талғат Темербеков.
Қазіргі уақытта "Құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" 09.07.2004 жылғы ҚР Заңының 11-бабы 4-тармағы негізінде кәмелетке толмаған балалардың анасына қатысты тиісті материал жиналып, ата-ана құқықтарынан айыру үшін іс сотқа жіберілді.