Семейде 1905 жылы салынған тұрғын үй өртенді
7 сәуір күні 21 сағат 47 минутта Семей қаласындағы Молдағалиев көшесінде өрт шықты.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел келіп жеткен кезде екі қожайынға арналған 3 пәтерлі тұрғын үйдің кіреберісінің ағаш конструкциялары, қабырғалары мен төбесі өртеніп жатты. Өрттің күшті болғаны соншалықты, 1905 жылы салынған үйдің ағаш құрылыстарын әп-сәтте шарпып әкетті.
- Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері пәтердің ас үй бөлмесінен сыйымдылығы 27 литрлік 2 газ баллонын алып шығарды. Шапшаң іс-қимылдарының арқасында 70 шаршы метр алаңда өрт толығымен сөндіріліп, және оның әрі қарай таралуына жол берілмеді. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 250 шаршы метрді құрайды, - деп хабарлайды ШҚО ТЖД Баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 23 адам және 8 бірлік техника тартылды.
Өрттің себебі пәтерлердің бірінің кіреберісінде жанғыш материалдарға төселген электр сымдарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болған.